$527.58 €546.15 ₽5.29
×

Картоп бағасы қымбаттағаннан кейін экспортқа шектеу қойылды

20.01.2025ж. 20:00
122
Картоп бағасы қымбаттағаннан кейін экспортқа шектеу қойылды

Картоп жетіспеушілігі байқалып еді, баға бірден шарықтады. Бір аптада 100-200 теңгеге өскен. Ең қымбат көкөніс Астанада сатылып жатыр. Құны – 500-дің айналасы. Үкімет тығырықтан шығу үшін экспортты уақытша тоқтатыпты. Бұл мәселені шеше ме? Базардағы бағаны әріптесім Аружан Задабек бағамдап келді. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Тағамның дәмін келтіретін картоп дегенге өз басым сенемін. Тіпті, бұл өнімсіз тамақ батпайды. Мен сияқтылар арамызда көп шығар? Бірақ осы апта картоп сүйер қауімнің көңіл күйін біраз құлазытты. Өйткені бағасы құбылып тұр. Бұрын 200 теңгенің өзін көпсінетін едік. Қазір 400-ге картоп тапсақ қуанатын болдық.

Бағадағы өзгеріс барлық өңірде байқалады. Дәл қазір Қызылордадағы базарда картоп 366 теңгеден саудаланса, Шығыста 466 теңгеге жеткен. Картоптың «отаны» саналатын Жетісу мен Павлодар облысында да арзан емес. Өздерінен шықса да, 400-дің айналасында сатылып жатыр. Ал, Астанадағы баға, тіпті, 500-ге дейін барады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 200 теңгенің өзі қымбат еді алдында. Қазір енді 350 теңге болып тұр. Кей жерде 420-ға дейін бар дейді ғой.
- 380-ге алдым. Қымбаттапты.
- Қымбат қой 400 теңге деген.

Халық картопты екінші нан дейді. Бағасы өссе бірден даурығатыны да содан. Өнім құнының аяқ асты аспаннан бір-ақ шығуына не себеп болды екен деп базарға бас сұғып едік, сатушылар бізді көріп қуана қоймады. «Өскен түгі де жоқ» деп бастарын ала қашты.

Мардымды жауап ала алмай, көңіліміз құлазығаны сол еді, алдымыздан қалалық әкімдіктің өкілі шыға келді. «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген қызметкер арзан картоп тауып беремін деп әлек болды. «Неге бақыламайсыздар» деген сыннан қорықса керек, әлеуметтік дүкенге жетелей кетті. Бірақ мұндағы сатушы өз өнімінің өзгелерге қарағанда арзан боларын өзі де ұмытып кеткен секілді. «Әкімшіліктен келдік» деген сөзден кейін ғана бағасы көрсетілген қағазды іле бастады.

МЕЙІРЖАН ТАЙМАНОВ, САТУШЫ:

- Жана біз келгенге дейін бағаны осылай жазып қоймадыңыздар. Әкімдікпен келгеннен кейін ғана шығардыңыздар. Неге? Әлде біз кеткеннен кейін басқа баға бола ма?
- Жоқ, осы баға болады. Қазір жазып қойғанмын ғой. Үлгермей жатырмын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Міне, дәл қазір базарға келіп әкімдіктің арқасында базардағы ең арзан картопты тауып алдық. Мұндайдан құр қаламыз ба? Біз де арзан бағаға алып алуды жөн көрдік.

Бағаның көтерілуіне Өзбекстаннан сұраныстың артуы және экспорттық бағалардың көтерілуі себеп болған. Биыл көкөніс экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен. Мәселені шешу үшін Үкімет экспортқа уақытша шектеу қойды.

ҚР ҮКІМЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.

Осыған байланысты Түркістан облысында бақылау күшейтілген. Облыста арнайы штаб құрылып, шекара қызметі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетіпті. Қазір өңір қоймасында 110 тонна, шаруақожалықтарда 3 500 тоннадан астам картоп сақтаулы.

НҰРБОЛАТ ТӘЛІПОВ, САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін мына Сарыағаш станциясына келіп, осы жердегі вагондарға тиелген көкөністердің барлығына мониторинг жүргізілді, соның шетелге шығуы жөнінде.

Шектеудің Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қатысы жоқ. Бірақ экспорт қатаң бақыланады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Сонымен, Үкімет осымен мәселе шешіледі дегендей сынай танытты. Сенейік. Ал әзірге мен сияқты картоптың қабығын осылай қалың ашатын болсаңыз, дер кезінде жұқалауды үйренгеніңіз абзал. Өйткені бағаға бағам жасау қиын боп тұр.