Астанада жағаұстатарлық жағдай болды. 21 жастағы елорда тұрғыны үйде ұйықтап жатқан 4 адамды пышақтап тастады. Зардап шеккендер - өзінің туыстары. Біреуі сол жерде көз жұмды. Өлім аузынан аман қалғандардың жағдайы қалай? Жігіттің асқан қатыгездікпен адам өлтіруіне не себеп болды? Мөлдір Жақан тарқатады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Сұмдық оқиға таңға жуық қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Қазір пәтер жабық тұр. Есігі мөрленген. Алдын ала мәлімет бойынша жантүршігерлік қылмысқа туыстардың арасындағы түсініспеушілік себеп болған. 21 жастағы жігіт өзіне айтылған ескертуді көтере алмай, жақындарына пышақ ала жүгірген.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы бұл үйге 2-3 ай бұрын көшіп келген, екі бөлмелі пәтерді жалға алып тұрған. Көршілер олармен етене араласпағанын айтады, «бірақ бұрын-соңды күдік тудыратын ештеңе байқамадық» дейді.
ЖАЗИРА НҰРАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Таңға таман участковый келді. Сосын көмек сұрады «ер адам бар ма, көмек керек еді» деп. Күйеуім командировкада еді. Мен үйге кіріп кеттім. Бауырым жылап кетті. Ол просто ножевое ранение деді. Ол көршілерді танымаймын да, көрмегенмін де, білмеймін де.
Бейресми деректерге сүйенсек, жанжал онлайн ойыннан туындаған. Түні бойы телефонға телмірген жігіт отбасы мүшелеріне ұйқы бермепті. Ескертуді елемеген соң, жақындары смартфонын тартып алған көрінеді. Осыдан кейін ол ашуға ерік берген. Елдің есін екеу, түсін төртеу қылған жағдайдан соң көршілер біраз есеңгіреп қалған.
ЖАНАТ БАБАТАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біздің де мазамыз кетіп тұр. 2-3 күн ұйықтаған жоқпын. Қазір участковыйларды шақырып, сөйлесейін деп тұрмын.
Күдікті ағасына 21 рет пышақ сұққан. Ол тіл тартпай кетті. Үйдегі екі әйел мен 18 жастағы қыз аман қалды. Олар бет, мойын, кеуде тұсынан жарақат алған. Қазір №1 қалалық ауруханада ем алып жатыр.
ТАТЬЯНА КОЛПАКЧИ, №1 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖАЛПЫ ХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ХИРУРГ ДӘРІГЕРІ:
Науқастар шок алған. Көп қан жоғалтты. Қабырғалары сынған. Ауруханаға жедел жәрдеммен келіп түскенде жағдайлары ауыр болды. Оларға ота жасалып, қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.
ДИАС ТОҚАТОВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта толық анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің айтуынша, шамамен бір аптадан соң олар амбулаториялық емге жіберілуі мүмкін.