Түркістан облысындағы Келес ауданында қос бірдей ауылдың халқы ауыз судың азабын тартып отыр. Құбыр бар, су жоқ. Жаңатіршілік ауылында 90 метр тереңдіктен қазылған судың құмы көбейіп кетсе, Үшағашта жер асты суы ащы, ішуге келмейді. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындарды тілшіміз тыңдады.
Жаңатіршілік ауылының тұрғыны Тоқсейіт Тасқұлов суды көрші ауылдан арнайы көлікпен алдырады. Бөшкесі- 5-6 мың теңге. Екі мыңдай тұрғыны бар елдімекенде бес жыл бұрын ұңғыма қазылып, үйді үйге құбыр тартылғанымен халық игілігін көре алмай отыр.
ҚУСАНБАЙ ЗӘКІРБАЙҰЛЫ, ЖАҢАТІРШІЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тапсыратын күні ауылға полный барды су, барлық жерге. Содан кейін болды. Үш күн төрт күнде бір барса барады, орталық көшенің екі жанына ғана барады су, 10 процент халыққа барады барса су, болды.
Жер асты суына құм араласқан, сондықтан суды бөшкеге жинап, тұндырып барып жібереді. Оның өзін үш күндей уақыт кететін көрінеді.
АРТЫҚӘЛІ БОТАПОВ, ЖАҢАТІРШІЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Басында заказ бойынша заказщиктер 24 сағат құмсыз деп берілген. Бұл құмсыз емес қүмды боп шығып кетті. Мына жерден шыққан суды мына жерге жинап алады да , 80 кубты тұндырады құмды отырғызып, 24 сағаттың орнына 11-ақ сағат су береді.
Үшағаш ауылындағы мәселе де осыған ұқсас. Мұнда тіршілік нәрі айына екі-ақ рет беріледі. 300 тонна жиналған су сүзіледі, ал ол 3-4 сағатқа қана жетеді.
ҰЛБАЗАР ОРАЗОВА, ҮШАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ащы, ішуге мүмкін емес оны. Оны әшейін төккен-шашқанға, кір-пірге болмаса былай ішуге болмайды.
Елдімекендегі 100-ге жуық отбасы суды тасып, сатып алып ішеді. Ауылға ауыз су үш жыл бұрын берілген.
БАҚТИЯР ДАРИЕВ, СУ МАМАНЫ:
Басында тәтті су болған. Ал енді жердің астындағы су айнып кетті, сонымен тұзға айналып кетті міне. Мына фильтрлеріміз осы тұзға айналғаннан кейін қайта-қайта толып қап жатыр.
Ауданның атқамінерлері бұл жағдайды табиғи құбылыспен байланыстырады.
СҮЛЕЙМЕН ЖЫЛҚЫБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Нысан 2021 жылы тапсырылған. Ол кезде ол жердің суы дұрыс болған. Енді ол жерде орналасқан фильтр екі кубтық. Енді біз оның шешімін 8 кубтық фильтрге ауыстырып, ол жердің таза суын күніне тұрғындарға 3-4 сағатқа беру су беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Жаңатіршілік ауылындағы мәселе де шешіледі дейді. Ол жақта да сүзгінің қуаттылығын арттырып көрмек, болмаған жағдайда жаңа ұңғыма қазылуы мүмкін.