Атырауда балалар үйінің түлектері жылдар бойы пәтер кезегін күтуге мәжбүр. Ондаған жыл кісі есігінде жүріп, көпбалалы отбасы болғанша баспанаға қол жеткізе алмай жүргендер де бар. Оның бір себебі мектеп-интернат мамандарының үй кезегіне тіркемеуі,- дейді тұрғын үй бөлімі мамандары. Сондай-ақ аймақта соңғы жылдары жетім балалар санатына баспана беру біршама баяулаған.
Балалар үйінің түлегі Лаура Менлигалина жасөспірімдер үйінде тұрады. Бойжеткеннің бұл үйді паналауға екі жылы ғана қалды. 23 жасқа толған соң бөлмесін босатуы керек. Еңбек пәнінің мұғалімі қазір жоғары оқу орнында білім алады, қосымша жұмыс істейді. Баспана кезегі келсе, інісін қасына алу – көптен бергі арманы. Баспана кезегінде 754-ші боп тұр.
ЛАУРА МЕНЛИГАЛИНА, ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кезек өте жай жылжып жатыр. Мына күймен мен 10-20 жылсыз баспанаға қол жеткізе алмайтын сияқтымын. Менің арманым үйімді алып, өзімше жасақтағым келеді. Өзімнің салған суреттерімді іліп қойсам деймін. Қасымда інім болып, менің өнерімді көрсе екен деп армандаймын. Өз үйімде шығармашылық шеберлігімді шыңдай түскім келеді.
Мұнда балалар үйінен шыққандар 23 жасқа дейін тұра алады. Сабаққа, жұмысына барып келіп, өз қаржысын жұмсауды үйренеді. Тамақты сатып әкеп, пісіреді. Ересектік өмірге қадам басады. Соңғы төрт жылда Жасөспірімдер үйіндегі 21 бала баспана кілтін алған.
ҚАСЫМ МҰҚАШЕВ, ОТБАСЫ ҮЛГІСІНДЕГІ БАЛАЛАР АУЫЛЫ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі таңда 21 мен 24 арасында 21 бала баспанамен мемлекет тарапынан қамтылды. Бірақ та ол алып бара жатқан көп емес. Баспаналарын бөлу кезінде біздің балаларды ол балаларға бөлген кезде комиссия мүшесіне қосса екен дейміз. Біздің сұрағымыз. Нақышына жеткізіп айтар едік, себебі балалар түңіліп қалады. Өздері ойлайды неге біздерді баспананың кезегі келмей жатыр деп.
Күні бүгін қалада жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1203 бала үй кезегінде тұр. Мемлекеттен басқа сүйенері жоқ жандарға кезекті 10 жылдан астам күтуге тура келеді. Қазір 2011 жылы кезекке тұрғандар пәтер кілтіне зорға қол жеткізіп жатыр. Тұрғын үй инспекциясындағылар бюджеттен қаржы жеткіліксіз бөлініп, соңғы жылдары үй сатып алу бәсеңдегенін мойындайды. Кейбір кезде мектеп-интернаттағы жауапты мамандар уақытында тұрғын үй кезегіне тіркемей, сабылып қалатын кездер де бар екен.
ГҮЛЖАМАЛ ЖОЛДАСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ, КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Отбасында жетім балалардың санатында 2-3 бала шықса, оған бөлек-бөлек кезінде кезек қалай қояды, қалай тұрады, біз сол санаты бойынша кезектілік бойынша береміз. Болады мысалы, 2-3 бала болса, 1-еуін қояды, екеуін қойылмай қалғандар болады. Ол интеранттан шыққанда интернат әкімшілігінің тарапынан жасалатын жұмыстар. Негізі жанында 14 жастан толғаннан кейін барып бала кезекке қойылу керек. Біздерге ұсыныс бере ме тіркеп жатырмыз.
Заңдылыққа сәйкес, әлеуметтік әлсіз топқа бөлінетін баспананың 20 пайызы - жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандардың үлесінде. Былтыр аймақта 512 азамат тұрғын үй кілтін алды. Оның 72-сі жетімдер санатына беріліпті. Биылғысы әзірге белгісіз.