$520.91 €544.25 ₽5.29
×

Лауазымды тұлғалар мен әкімдер айыппұл арқалады

21.01.2025ж. 20:00
120
Лауазымды тұлғалар мен әкімдер айыппұл арқалады

Бітпейтін айыппұлдың бір ұшы лауазымды тұлғаларды да айналып өтпеді. Бұл жолы «штрафқа» ілінген қарапайым тұрғындар емес. Бармақ тістегендердің дені - білдей мекемені қол астында ұстап тұрған тұлғалар. Нақтырақ айтсақ, 164 шенеунік шалыс басып, 9,4 млн теңгені мемлекетке құйыпты. Сонда кезінде бұл нормаға бастамашы болғандар қазір өз орларына өздері түсіп жатыр ма? Тапқан таянғанын аузынан жырып беріп жүргендер кім? Толығырақ тілшіміз Аружан Задабек айтады. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Айыппұл дегенді естісек елең ете қаламыз. “Тағы не?” деген сұрақтың еріксіз ойға келетіні де рас. Бірақ бұл жолы жұртты мезі еткен “штраф” қарапайым халыққа емес, лауазымды тұлғаларға салыныпты. Әсіресе әкімдердің, әкім орынбасарларының қалтасы біраз жұқарған екен. Ел “олар алмаса бермейді” дейтін басшыларға енді жазадан оңай құтыла алмайтын секілді.

Тақым қысар кез келді деген – осы. Қазір басшылардың көбі ойын сансаққа жүгіртіп, барынша сақ болуға көшкен. Әйтеуір сасқан үйрек артымен жүзердің кебін кимесе болды дейміз. Былтырдың өзінде 164 лауазымды тұлға қызметін дұрыс атқармағаны үшін істегенін мойнымен көтерді. Оның 61-і – әкім орынбасары. Бұлардың барлығы өздеріне тиесі жерді таза ұстамаған. Қызық, жаза арқалағандардың арасында Астанадағы Есіл ауданы әкімінің орынбасары бар ма екен? Жыл аяғында тұрғындар жиналмаған қоқыстан Мадияр Нөгербековтың суретін қалдықтардан, дәл осылай салғаны есте.

Белсенділер әкім орынбасары ақыры қоқысты жинай алмайды екен, тым құрығанда суретін өшірер деп осындай әрекетке барған. Негізі қоршаған ортаны аялау – Мемлекет басшысының қатаң тапсырмасы. Арамызда әлгі тұрғындар түгілі, Президенттің пәрменін пысқырмаған басшылар бар. Дәлерек, Ақтөбе мен Атырау әкімі өзіне жүктелген міндетті уақытында атқара алмаған.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

2024 жылы министрлік Қызылорда, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында орман өсіру жұмыстарының сапасына тексеру жүргізіп, бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыс әкімдіктеріне хаттар жолданды.

Әкімдердің әрекетін әшкерелеген Нысанбаевтың өзі сүттен ақ, судан таза емес. Сәтпаевта қара қар жауған кезде көз жұма қарағаны есте. Себебін сұрасақ «мен ол кезде демалыста болдым» деп күмілжіді.

Экологиялық мәселемен бетпе-бет келетін Сәтпаев қана емес, Өскеменде де мәселе шаш етектен. Тұрғындары 10 күн бойы түсініксіз түтіннің құрсауында қалған. Осылай болары анық еді. Өйткені мұнда экологияға бөлінген теңге құмға сіңген судай жоқ боп кетіп отырған. Мұны облыс әкімінің өзі беті бүлк етпестен растады.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз кәсіпорындардың экологиялық эмиссиялары есебінен жыл сайын 4 млрд теңгедей ақша жинаймыз. Түрлі шаралардың тасасында жоқ болып кетіп отырған. Дәл осы ақшаның есебінен Өскемендегі ауаның сапасын жақсарту бағытында нақты бір істелген шаруа жоқ.

Жұмысын дұрыс атқара алмағандар енді дәл осылай емін-еркін отыра алмайды. Жазаланады, жауапкершілікке тартылады. Мойындау керек, арамызда тірлігін тап-тұйнақтай атқаратындар санаулы. Әйтеуір келіп-кетіп жүрсе болды. Құр отырмай, ойын ойнайтынын қайтесің?! Мұны Үкімет басшысының өзі байқап жүр екен. Тым құрығанда қазақ жастары ойлап тапқан ойынды ойнайық деп шақырды. Әзілі ме, ескертуі ме, шын сөзі ме, қайдам, Бектеновтың айтқаны – осы.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Білемін, біздің әріптестер, оның ішінде жастар, әріптестер ойнайды. Ендеше өзіміздің ойындарды көрейік.

Табиғатты аялауға бағытталған бірден-бір шара - «Таза Қазақстан». Жобаға акияларына 5 жылда 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналды. Ал былтыр 1,1 млн тонна қалдық тасталды.