Тәтті сусындардан жылына 300 мыңнан аса адам көз жұмады. Ал 2 млн 200 мың адам қант диабетіне шалдығады. Мұны америкалық ғалымдар зерттеген. Қазір біздің елімізде де осы сырқатқа душар болғандардың саны көбейген. Күніне 100 адам тіркеледі. Дәрігерлер оған шамадан тыс шырын ішу себеп дейді.
ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Тәтті сусындардың денсаулығыма зиянын біле тұра, күніне кемінде бір бөтелкесін алып ішемін. Қазір мен сатып алғалы тұрған жарты литр сусынның құрамында он күн жейтін қанттың мөлшері бар. Қанша алғым келмесе де құмарлығым тартып тұрады. Мамандар мұны тәтті сусынға тәуелділік дейді.
Елімізде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тәтті сусынды жиі тұтынады. Ішкен сайын аңсарыңды арттыратын шырындар балалардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізіп жатыр. Бүгінде 6 мыңға жуық бала қант диабетіне шалдыққан.
Қазір елдегі 6-9 жас аралығындағы балалардың 16,7 пайызы газдалған сусын пайдаланады. Ал 30 пайыздан астамы аптасына кем дегенде 4-7 рет ішеді.
САЛТАНАТ НАЗАРОВА, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ұлттық зерттеу НВС – жасөспірімдер арасында 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жүргізілген. 14,4 пайызы жасөспірімдердің күнделікті тәтті сусындарды пайдаланатыны анықталып отыр. 40 пайыздан астамы осы жас ерекшелігінде күнделікті энергетикалық сусындар пайдаланатыны анықталды.
Жыл сайын әлемде 300 мың адам тәтті сусындардың кесірінен өмірімен қош айтысады. Олардың 80 мыңы қант диабетінен, ал 250 мыңнан аса адам жүрек қан-тамырларынан қайтыс болады.
Дәрігерлер тәтті сусындар тек осы сырқаттардың емес, сондай-ақ онкологиялық аурулардың да өршуіне себеп болатынын ескертті.
СӘКЕН САБЫРБЕКОВ, ХИРУРГ-ОНКОЛОГ:
Қосымша қосылған құрамындағы ағзаға, денеге бойымызға жаман әсер етеді, оның әсері бар, ол дәлелденген. Көп ішсе, көп мөлшерін білмей ішіп жатса адам онда онкология тезірек пайда болуы мүмкін.
Тәтті сусындардың құрамындағы басқа да заттарды былай қойғанда, қантының өзі біраз кесірін тигізеді. Сондықтан аңсарыңды ауғызып, тәттілігі құмарыңды тартып тұрған шырындардың зияны шаш етектен екенін естен шығармайық.
Зерттеу нәтижесі:
6-9 жас – 16,7%
30,8% – 4-7 рет
300 мыңнан аса адам көз жұмады
Қант диабеті – 80 мың адам
Жүрек қан-тамырлары – 258 мың адам