$527.58 €546.15 ₽5.29
×

Интернеттің жылдамдығы бойынша Жапонияны әзір жеткізбейтін түріміз бар

21.01.2025ж. 20:00
137
Интернеттің жылдамдығы бойынша Жапонияны әзір жеткізбейтін түріміз бар

Интернет жылдамдығы жағынан тағы бір саты жоғарладық. Бұл түрімізбен Жапонияны әзір жеткізбейтін секілдіміз. Speedtest сервисі жасаған статистикада еліміз 57 орынға табан тіреген. Ұялы байланыстың орташа жүктеу жылдамдығы – секундына 53,76 мегабит. Ескерте кетейік, зерттеушілер тек Астана мен Алматы қаласын есепке алған. Бірақ бұл көрсеткішке жауапты ведмостваның өздері сенбей отыр. Жалпы өңірлерде интернет мәселесі қалай шешілуде? Тілшілеріміз тарқатады. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Мусинше миығынан күлді. Интернеттің жағдайына тоқталар алдында бұрынғы басшысын еске алды. Сол секілді хитке айналып кетпесем болғаны деді ме, әлде сынның астына қалмастың амалы деді ме, әйтеуір өзін ақтап әлекке түсті. Бірақ сапаның сын көтермейтінін бірден мойындады. Статистикаға өзі де күдікпен қарайтынын жасырмады.

АСХАТ ОРАЗБЕК, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Өкінішке қарай интернет сапасына қатысты мәселе жетерлік. Біз оны мойындаймыз. Бұл бағытта операторлармен, әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылың соңына дейін Қазақстанның бүкіл аумағын сапалы байланыспен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Ведмостваны басқарып отырғандардың өзі осылай қырық сылтауын айтуда. Көпшіліктің де интернет сапасына көңілі толмайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Шет жаққа шықсаң ұстамайды. Массовый скопление болған жерде интернет ұстамай қалатын проблема бар.
- Мен онлайн жұмыс істеймін да. Жұмысымда 40-50 пайыздай интернет ұстамайды. Қуады солай.
- Сапасы нашар. Көңілім толмайды.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қазір еліміде ұялы байланысқа қосылмаған 350 локация бар. Жауаптылар бұл орындарды интернетпен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Ал Қызылордалықтар көшеде, қоғамдық көлікте енді тегін wi-fi қызметтерін пайдаланады. Осы жобаны естігенде қызыға әрі қызғана қарағанбыз. Интернеттің игілігін көріп жатырсыздар ма, әлде аяқсыз қалды ма?

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Сүндет, Қызылорда қаласының орталық алаңына тегін Wi-Fi желісі орнатылғаны рас. Тұрғындар ешқандай құпия сөз енгізбестен интернетке еркін қосыла алады. Жылдамдығын тексеріп көрмекке біз де бардық. Бірақ ешқандай арнайы ақпараттық тақташа таппай, қосылатын нүктені іздеп әбден сандалдық.

Қала тұрғындарының көпшілігі де біз сияқты бұдан бейхабар болып шықты. Ал жалпы мобильді және үйдегі интернет желісінің жылдамдығына көпшілігінің көңілі толмайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Білсем пайдаланатын едім, тегін интернет туралы бірінші рет естіп тұрмын.
- Үйдегі интернет желісіне көңілім толмайды. Нашар деп жатыр, нашар.

Жалпы қалаға тегін Wi-Fi желісін орнату облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жоба. Оны «Қызылордатранстелеком» АҚ жүзеге асыруда. Сымсыз байланыс адам көп шоғырланатын 3 жерге орнатылған екен. Бір жылдан аса уақыттың ішінде 3 мың адам қолданып үлгерді дейді мамандар.

ЕРКЕБҰЛАН ТҮСІПОВ, «ҚЫЗЫЛОРДАТРАНССТЕЛЕКОМ» АҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ДИРЕКТОРЫ:

Бір нүкте 100 мегабиттен. Ол жерде 18 нүкте болады. Интернетіміз жақсы, еш қандай задержка болмайды. Бұрын бәріміз білеміз, медовый болды ғой. Талшықты оптикалық джепон технилогиясы өте жылдам и 200 мегабитке дейін скорость береді.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тарифтік төлемдер шарықтап, интернетке сұраныс артқан шақта бұл бастама әсіресе студенттерге қуаныш сыйлары анық. Тек бір кездері қоғамдық көліктерге Wi-Fi желісін орнату жобасы секілді аяқсыз қалмаса екен дейді. Заңғар, Тобыл өңірінде интернет мәселесі қалай шешіліп жатыр? Мектептер онлайнға көшкен кезде бәрі қиналып кеткені есте. Күнделек.кз-ті толтыруға мұғалімдер қиналып жүрген жоқ па?

ЗАҢҒАР САНАЙ,ТІЛШІ:

Мөлдір, интернет желісі ауылдарда үлкен мәселе екені жасырын емес. Екі жыл ішінде Тобыл өңіріндегі 492 елдімекен толық мобильді байланыспен әрі интернетпен қамтылмақ. Қазіргі көрсеткіш 67 пайыз.

Шалғайдағы шағын ауылдарға интернет желісін жеткізу үшін жыл сайын 50 антенна діңгегін орнату жоспарланған. Былтыр 44 елдімекенге орнатылыпты. Ақпан айының соңына дейін ауыл тұрғындары 4 G стандартына қосылады. Ал білім ошақтары «старлинк» технологиясы арқылы өркениет игілігін көріп отыр.

АЗАМАТ ҚАШИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АҚПАРАТТАНДЫРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

180 ауылдық мектепке старлинк құрылғысын орнаттық. Онда интернет сапасы өте жақсы. Алдында 5-10, 20 мегабитке дейін болса, қазір олардың жылдамдығы 50-100 –ге дейін көтерілді.

Өңірдегі 180 мектеп старлинк желісіне қосылған. Шенеуніктер шекара аумағындағы байланыс түйткілі де шешілгенін мәлімдеді. Ал тұрғындар интернет жылдамдығы тым баяу екенін айтады. Тіпті шаһардың кей бөлігінде байланысқа шығудың өзі мұң дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Интернет жылдамдығы бірде былай,бірде былай.Сосын әрбір аудандарға байланысты.Қаланың бір шетінде жақсы.Бір шетінде жақсы емес.
- Біз белгілі ақпаратты іздейміз де, бірақ соңынан не іздеп отырғанымызды ұмытып қаламыз.Себебі интернет жылдамдығы аз болғандықтан.

ЗАҢҒАР САНАЙ,ТІЛШІ:

Қостанайдағы «Береке», «Юбилейный» секілді шағын ауданда ұялы байланыс нашар. Бұл проблема жақын арада шешіледі. Байланыс мұнарасы бой көтереді деп сендірді басқарма басшысы.