Қыс қаһарына мінді. Еліміздің бірқатар өңірінде аяз күшейіп, күн суытты. Қарлы боранның құрсауында қалғандар жетерлік. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар өңірде жол жабылды.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Астанада таңнан бері ақтүтек боран. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Алайда ақ ұлпа жолдарды санаулы сағаттар ішінде басып қалып жатыр. Көктайғақ жұртты әлекке салды.
Синоптиктер еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа температурасы -35 градусқа дейін, ал оңтүстікте -25 градусқа дейін төмендейтінін айтады.
КӘМШАТ КАТАУФ, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:
Солтүстік-Батыс циклонның әсерінен елдің басым бөлігінде жауын-шашын болады. Қазақстанның шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын жауады. Сондай-ақ республика бойынша боран, көктайқақ, тұман, желдің екпіні 18/25, Қазақстанның шығысында 30 метр в секунду және одан да аса жел күтіледі.
Ауа райының нашарлауына байланысты бүгін бірнеше облыста көлік қозғалысы шектелді. Бұрқасын, қалың қар, көктайғақ пен қатты желдің соққандықтан Ақмола мен Қарағанды облыстарында республикалық маңызы бар жолдар жабылды.
ЖАНДОС СЕЙІТМҰРАТОВ, ЖОЛАУШЫ:
Қызылордадан Астанаға бара жатқанмын, Қарағандады қалып тұрмын. Мен таксимен келгенмін, қайда түнейтінімді білмеймін.
ҚАЙРАТ ЖОМАРТ, ЖОЛАУШЫ:
Қарағандының тұсында тоқтатты. Әзірге жол жабық. Біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқанын түсініп тұрмыз. Сондықтан бүгін осында түнеуге тура келіп тұр.
Дәл осындай ауа райы тұрғындарды алдағы үш күн бойы күтіп тұр. Сақтықта қорлық жоқ. Мамандар қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріп, аса қажет болмаса, алыс жолға шықпауға кеңес береді.