$515.31 €533.96 ₽5.3
×

"Кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек", - депутат

AstanaTV
22.01.2025ж. 13:51
188
"Кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек", - депутат

Кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым. Бүгін Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан осылай деді.

«Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып, кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда. Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес», - дейді ол.

Депутат елімізде қандай жанрда, қанша фильм шыққанын айтты.

«2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шыққан. Соның 56-сы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі – тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі – алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Сұраныс жоқ емес, бар! Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр», - дейді ол.

Жанарбек Әшімжан әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдерді мысалға алып, Қазақстан да үлгі алу керек деп санайды.

«Кино өндірісіне нарықтық сипат береміз деп жалаңаштап алған жағдайлар да аз емес. Сөз жоқ, кино нарығы коммерциялық тұрғыдан өзін өзі қаржыландыру керек. Алайда, әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдер бар. Мамандар даярлауда арнайы мемлекеттік саясат белгіленген. Мәселен, Германияның кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөлінеді. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді», - деді ол.

Депутат жауапты министрлікке бірнеше шараны жедел қолға алуды ұсынды.