«Отандық өнімді қолдайық». Бұл сөз басты ұранға айналғалы қашан?! Ауызбен айтылып қана жүрген жоқ, мемлекет қыруар қаржысын құйып та жатыр. Бірақ нәтижеге келгенде жақ аша алмаймыз. Тіпті, кей кәсіпкерлер өзге елден келген тауарды «өзіміздікі» деп алдап сатуға көшкен. Олар импортқа «Қазақстанда жасалған» деген сертификат беріп, беттері бүлк етпей нарыққа шығарады. Сонда кім кімді алдап жүр? Депутаттар айтпақшы, бұл туралы айта берсең әңгіме көп. Сондықтан әрі қарай әріптесім Аружан Задабек жалғастырсын.
Кезінде осы видеоға шегіміз қатқанша күлетін едік. Экс-шенеуніктің қазақша күмілжігеніне бірі күрсінсе, енді бір кекетіп бақты. Сөйтсек оның тек тілі емес, айтып отқан мәселесі де майшаммен қарауды талап етеді екен. Бұған бүгін мәжіліс алаңында тағы бір рет көзіміз жетті. Депутаттар жан-жақтан сауал жолдап, саланы сынағанда неге осыны жасамасқа деп ойладық.
Бірақ мәселені дәл осылай сөзбен шеше алмасымыз анық. Өйткені түйіткіл тым тереңдеп, тамыр жайып алды. Бізде отандық өнімді қолдау үшін түрлі шара атқарылып жатыр десек те, елдегі өндірушілер үмітті ақтай алмай отыр. Мәселен, Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сай емес үйде дайындалып келген. Оның үстіне бұл тауар басқа емес, балабақшаларға өткізіліпті. Осыдан кейін сенімге серкеу түспей қайтсін?!
НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
2023 жылы Бас прокуратура 206 бұзушылықты анықтады. Бұдан басқа, уәкілетті орган жүргізген 42 тексерудің қорытындысы бойынша 40-тан астам әкімшілік іс қозғалды. Бұл проблемалар экономикамызға кері әсерін тигізуде.
Тамақты былай қойғанда дәріге де сенім жоқ. Тіпті, елдегі дәрігерлердің өзі алдына келген науқасқа Қазақстанда жасалған препаратты алмауға кеңес береді. Оның әсері аз деп, өзге мемлекет тауарын тұтынуды ұсынады. Бұл фактіні салаға түк қатысы жоқ адам айтса, сенбеуіміз мүмкін еді. Бірақ басқа емес медицинада талай жыл қызмет атқарған депутат Нұрымованың өзі жайып салды. Артынша денсаулық сақтау министрлігінің өкілі пікірді бірден жоққа шығарды.
ТИМУР МҰРАТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
ДСМ отандық нақты медициналық және де дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдауға мүдделі. Біз бүгінгі аталған ұсынысты технологиялық процестерді қалыптастыру үшін барлық қажетті жұмыстарды жасайтын боламыз.
Кейде отандық өнімге күдікпен қарайтынымыз рас. «Сапасы нашар болады» деген түсінік қанға сіңіп кеткен. Сөйтсек, біз бекер қорқып жүр екенбіз. Алуға аяқ тартқан тауардың көбі шынымен өзіміздікі болмай шықты. Кей кәсіпкерлер сырттан келген өнімге «Қазақстанда жасалған» деген сертификат беріп, жұртты алдап келген. Қысқасы, бұл туралы айта берсең әңгіме көп. Тіпті, депутаттардың өзі жылда жырлап шаршадық дейді. Расымен, сала бара-бара жараға айналған. Қасыған сайын қыши түседі.
ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бізде ұйымдастырылған жұмыс жоқ. Сондықтан осындай нәрсеге жетіп отырмыз. Айта берсе әңгіме көп.
Енді отандық тауар өндірушілерді қолдау жүйесі жаңартылады. Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда талқылап, оны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді жалғастырды.