Ақтөбеде халық емшісі алпыстан астам адамды алдап, оларға несие алдырған. Бір адамның өзі 15, 18 миллион теңгеге дейін кредит алып беріпті. Олар арбауға түстік деп шағымданып отыр.
Емшіге барған жандар дертіне шипа емес, кредит арқалады. Ең қызығы, олар өз еркімен қалай несие рәсімдегенін түсінбейді.
ГҮЛЗИПАШ ТӨРЕМҰРАТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Маған ем жасады. Басым ауырды. Сөйтіп тұрғанда сөйлесті менің телефонымды алып былай сөйлесті, былай сөйлесті. «Қой» дегенге қоймай. Сонда мен кете алмаймын. Сол үйден қандай сиқыр бар екенін білмеймін. Содан кредит оформить еткізіп, қол қойғызып, кассаның алдында тұрып ақшаны санап алды. Бірақ мен ақшаны ұстаған жоқпын. Мен екі күн бойы гипнозда жүргенмін ғой.
РАЙХАН ЗАРЛЫҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ем аламыз деп жүргенде гипноз арқылы мені 18 миллионға осы кісі тығып отыр. Қазыбаева Сұлушаш деген. Емге барғанда бізді жатқызып қойып гипноз жасай ма білмеймін. Емнен кейін біз білмейміз не істегенімізді.
Осылай опық жегендердің саны әзірге 63 адам. Арасында емшінің жақын туыстары да бар. Айтуларынша, « кредит алып бер артынан өзім жауып беремін» деген көрінеді. Бірақ,төлемеген.
ҚҰМАР ЖҰБАЕВҚАЛА, ТҰРҒЫНЫ:
Менің счеттарымның бәрін бұғаттап тастады. Пенсиямды ограничение қойып тастады. Келіншегім бес банктен алып тұр. 11 млн кредитті. Ал мен өзім 5 млн 500 алып беріп тұрмын үш банктен. Енді банк жан-жақтан звондап жатыр.
16 адам полицияға шағымданған. Бүгінде оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.
ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда осы Ақтөбе қаласы тумасына қатысты №3 Қалалық полиция бөлімімен 16 адамның арызданушы арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. ҚР ҚК 190 бабы үшінші бөлігімен қазіргі таңда қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Алдына келген жанның бәріне банктен несие алдыратындай емшінің қандай қасиеті бар? Ол тергеу барысында анықталмақ.