Алматылық патрульдік полиция қызметкерлері 14-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп кетпек болған 32 жастағы ер адамды құтқарды, - деп хабарлайды polisia.kz.
Сағат 22:40-та бейтаныс біреудің көпқабатты үйден секірмек болғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына бірден екі экипаж "Буран-138" және "Буран-160”"барды. Ақпарат расталды. Үйдің кондиционер қойылған бөлігінде өзін-өзі өлтіремін деп қорқытқан ер адам отырған.
Полиция аға лейтенанты Нұржан Тоғанбаев көрші пәтердің терезесінен келіссөз жүргізді.
"Осы кезде төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен әріптестерім Айдос Сарқұлов пен Айбар Байжігітов үшеуіміз есікті бұздық, сосын қараңғыда жарықты қоспай, терезенің сыртындағы ер адамның жанына келдік. Бірнеше секундта біз оны қатты ұстап алып, пәтерге сүйреп кіргіздік", - деді Алматы полиция департаменті ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің инспекторы Рустам Қадырбаев.
Терезеден секірмекші болған адам тұрғын үй кешенінің тұрғыны болып шықты. Оның бірнеше күн бойы тәуліктік жалдамалы пәтерде тұрғаны белгілі болды.
Бір нұсқа бойынша, ер адам есірткіге мас болған. Жедел жәрдем бригадасы оған алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері басқа да мән-жайды анықтап жатыр.