Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі парақшасында әнші Димаш Құдайберген туралы әсерлі жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әлеуметтік желі қолданушысы қатерлі ісікке шалдыққан Мұхан есімді күйеуінің жағдайын сұрап, ауруханаға танымал әнші Димаш Құдайберген келгенін айтады.
Науқас Алматыдағы онкологиялық ауруханада ұйқы безіндегі метастаздарды алып тастау үшін отаға дайындалып жатқан.
"2024 жылы ақпан айы. Алматыда Абай көшесіндегі онокологиялық ауруханада Мұханды отаға дайындап жүрген едік. Мұхан Димаштың жанкүйері болатын. Жиеніміз Салтанат Димаштың электронды поштасына ағасының жағдайы туралы және оның Димаштың өнерін жақсы көретіні жайлы хат жазыпты. Димаштың өзі көбіне әлеуметтік желіні қарамайды, электронды поштаны ашып оқымайды екен. Бірақ жиеніміздің жазған хатын кездейсоқ көріп қалған. Сол кезде ол Алматыдан Ыстамбұлға ұшқалы отырған. Сонда концерт өткізбек екен. Сөйтіп ол әуежайға кетіп бара жатып, жол жөнекей ауруханаға кірген. Осылайша Мұханның жанында болып, көңілін аулағысы келген", – деп жазды әйел.
Димаш Құдайберген жанкүйеріне күтпеген тосынсый жасаған.
"Димаш "20 минутта боламын" деп хабарласқанда өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Қатты қобалжыдық. Абдырап қалғанымыз сонша не туралы сөйлесеміз деп ойланып қалыппыз. Димаш келетін кезде күйеуім емделіп жатқан бөлім у-шу болып кетті. Басқа науқастар бөлімге жиналып қалмас үшін Димашты басқа есіктен кіргізді. Бұл кездесуді ешкім күтпеді. 24 ақпан, сенбі күні еді. Димашпен суретке түсу үшін медицина қызметкерлері кезекке тұрды. Димашпен жеке сөйлесу үшін бізге 10 минутқа қонақ бөлмені берді. Димаш ем барысын сұрап, алдағы уақытқа жоспарын бөлісті, жұмысы жайлы және Отанын қалай жақсы көретіні туралы айтты. Өзінен қандай көмек керегін сұрады. Бірақ Димаштан көмек сұрауға қысылдық. Біз үшін сол кездегі Мұханның эмоциялық жағдайы маңызды еді", – делінген жазбада.
Тағдырдың жазуымен ер адам араға тура екі ай салып, дүниеден озған.
Әсерлі жазбаны оқыған желі қолданушылары жанкүйерінің арманын орындаған Димаш Құдайбергенге тәнті болды.