Австралияда ақша табу үшін бір жасар қызына дәрі-дәрмектер беріп, оның "мүшкіл халін" әлеуметтік желіге жариялаған блогер ұсталды. Бұл туралы ABC жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, австралиялық әйел 2024 жылдың 6 тамызы мен 15 қазаны аралығында дәрігердің нұсқауынсыз баласына отбасының басқа мүшесіне тағайындалған дәрі-дәрмектерді берген. Содан кейін ол "басынан ауыр қайғыны өткеріп жүрген" баласының суреттерін түсіріп, оларды GoFundMe платформасына жүктеген. Тергеушілердің айтуынша, блогер баласын саналы түрде ауыр жағдайға жеткізген.
Блогер үш айдың ішінде алаяқтық схемалардың нәтижесінде 60 мың доллар жинаған. Қаражатты әйел жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны анықталып отыр.
2024 жылдың қазанында бала емделіп жатқан аурухана қызметкері оқиғаның мән-жайын полицияға хабарлаған.
"Біз GoFundMe-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Компания қаражат аударған адамдарға ақшаны қайтарып жатыр", - деді инспектор Пол Далтон.