Илон Маск Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында демократиялық партияға қарсы лас амалдар қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол өзінің ескі жазбасын көрсетіп, бұрын демократтарға дауыс бергенін мәлімдеген. Маск демократтардың әдетте мейірімді болып көрінгенін, қазір өшпенділік пен алауыздық партиясына айналғанын жеткізді. Сондықтан осы кезде республикашыларды қолдайтынын айтты.
– Ашығын айтқанда, демократтарға тиімдірек лас амалдар керек. Олардың "бәрің де Гитлерсіңдер" деген айыптауы көпшілікті шаршатты, – деді миллиардер.
Илон Маск Ақүйдің жаңа басшысын қолдайтынын дауыстап айтып, сахнаны айналып өткен болатын. Сондай-ақ, қолын бұлғап, мемлекет басшысының көрші планетаға америкалық астронавтарды жіберу жоспарына түсініктеме беріп өтті. Содан соң ол нацистік сәлемдесу арқылы "қолын көтерді".
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті ретінде ресми түрде қызметіне кіріскен болатын. Оның инаугурациясы 20 қаңтарда өтті.
Инаугурацияға атақты адамдар, әлемдік көшбасшылар мен әлемнің ең бай адамдарының қатысқаны белгілі болды. Мысалы, Аргентина президенті Хавьер Майли, X әлеуметтік желісінің иесі, SpaceX және Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск, Amazon негізін қалаушы Джефф Безос және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон бар. Қонақтар арасында 2016 жылғы сайлауда Трамптың басты қарсыласы атанған Билл мен Хиллари Клинтон да төбе көрсетті.