Танымал әнші Жазира Байырбекова бала кезде басынан өткен оқиғаны бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әнші бала кезінде иттен қатты қорыққанын еске алды.
"7-8 жасымда мектепке барар жолдағы бір үйдің итінен қатты қорқып өтетінмін. Үлкен ит. Адам өткен сайын жұлқынып, үрмей қоймайды. Шынжыры жолға дейін жетеді. Мен өтерде ұйықтап жатса екен деп тілейтінмін. Босап кетсе талайтыны анық. Сонда әке-шешемізге қорқып өтетінімізді неге айтпадым екен. Анам ешқандай көмекшісіз үй, аула, ауладағы бау-бақша шаруаларынан босамайтын. Әкеміз біз ұйықтап жатқанда жұмысқа кетіп, ұйықтар алдында келетін. Жексенбі күнгі уақытын бізге арнап, еркелетіп, масақ теруге немесе балық, құс аулауға ертіп баратын, - деді әнші.
Сондай-ақ ол өз заманының адамдары ата-анасына сезімдерін ашық көрсете алмайтынын айтты.
"Бір күні Сабира әпкемді ит тістеп алды. Әкем ашуланса ашуы қатты еді. Үйдегі мылтықты алып шығып, итті атпақ болды. Сонда үйдің иесі "оны атқанша мені ат" деп мылтықтың алдына тұрып алды. Әкем ашуын басып, ит аман қалды. Қазір ойлаймын, иттен қорқып жүргенімді ата-анама айтпағаным бала күнгі болмысым ба, әлде көпбалалы отбасында әр балаға жеке мән беріп үлгермеді ме екен. Әлде анамның қолы босамайтын болған соң өз мәселемізді өзіміз шешіп жүрдік пе екен. Немесе ата-анаға сезімдерімізді айтып үйренбедік пе екен?! Әр заманның өзінің жақсы-жаман жақтары бар, иә?", - деді өнер иесі.