$520.91 €544.25 ₽5.29
×

АҚШ-та сирек соғатын бораннан кем дегенде 9 адам қаза тапты

AstanaTV
23.01.2025ж. 14:27
93
АҚШ-та сирек соғатын бораннан кем дегенде 9 адам қаза тапты

Сейсенбіден бастап АҚШ-тың оңтүстігінде сирек соғатын қысқы «Энцо» дауылы күшейіп, елдің көп бөлігінде аязды ауа райын әкелді. Сәрсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша дауылдан кем дегенде 9 адам қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, Жаңа Орлеан (Луизиана), Мобил (Алабама), Пенсакола (Флорида) және басқа да көптеген қалада қардың рекордтық көлемі жауды. Жаңа Орлеандағы 1948 жылдан бері ең қатты боран тіркелді.

Қысқы дауылға байланысты АҚШ оңтүстігіндегі бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды. Мексика шығанағы жағалауында қар мен көктайғақ салдарынан бірнеше ірі әуежайда бірнеше рейс, 30-ға жуық аймақаралық тасжолда көлік қозғалысы тоқтатылды. Бастауыш және орта мектептер, мемлекеттік мекемелер және көптеген дүкен мен мейрамханалар жабылды.

CNN телеарнасының хабарлауынша, қатты суық пен көктайғақ жолдар салдарынан болған ауыр жол-көлік оқиғалары мен басқа да апаттардан 9 адам қаза тапты.

Қолда бар деректерге сүйенсек, қысқы боран сейіле бастады. Сәрсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша, АҚШ-тың ауа райы қызметі таратқан аязды күн райы туралы ескерту елдің шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі 25 млн-нан астам адамға әсер етіп отыр.