Алматыда тағы бір атышулы іске нүкте қойылды. Белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов түрмеге отырмайтын болды. Бірақ кино майталманы "Феникс" фантастикалық фильміне бөлінген қаржыны талан-таражға салғаны дәлелденді. Сондықтан шартты түрде 7 жылға сотталды. Бірақ рақымшылық заңымен жаза бұдан да қысқарды. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлы баяндайды.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Іс сотта наурызда қарала бастаған еді. Судья үкім шығару мерзімін соңғы аптада үш рет кейінге шегерілді. Прокурор Жаманқұловты 7 жыл 4 айға соттауды сұраған болатын. Сот қазысы Қылмыстық кодекстің 189 бабы, яғни «сеніп тапсырған бөтен мүлікті талан-таражға салды» деген айыппен қазақ киносының майталманын кінәлі деп тапты. Оған 7 жылға шартты түрде жаза тағайындады. Бірақ бұл мерзім рақымшылық заңына орай үш жарым жылға дейін қысқартылды.
Тәкен Шәкіров, судья:
Сотталушының жүріп-тұру тәртібі жергілікті пробациялық арнайы мекемеге жүктеледі. Тиісінше Тұңғышбай Жаманқұлов та аталған органның талаптарын қатаң сақтауы керек. Яғни тұрғылықты жерінен көшуге, еліміздің басқа елді мекендеріне рұқсатсыз шығуға, өзге де ойын-сауық мекемелеріне рұқсатсыз баруға тиым салынады. Сот үкімі күшіне он күннен кейін енетін болады. Жаманқұловтан бөлек, істі болып жатқан 8 адам да әртүрлі мерзімде жаза арқалады. Бірақ олар түрмеде отырмайтын болды. Сот барлығын 1 жылдан 7 жылға дейін шартты түрде соттады. Ал осы кезге дейін қамауда отырған режиссер Талғат Жәнібеков пен «Қазақфильм» топ-менеджері Гауһар Ысқақова босатылды. Олар сотқа жаза мерзімі аяқталғанша ешқайда кетпеу туралы қолхат берді.
Серік Айтбаев, Т.Жәнібековтың адвокаты:
Талғат Жәнібеков өз кінәсін мойындады, істеген ісіне өкінетінін айтты. Ал соттың шешімімен біз келісеміз, сондықтан қайтадан шағымданбаймыз. Сотталушылар келтірген шығындарын құжаттармен дәлелдей алмағандықтан, қазынаға бір бөлігін қайтарып беруге мәжбүр болды.
Бастапқы тергеу мәліметі бойынша күдіктілер «Феникс» фантастикалық фильмінің дайындығына бөлінген 100 млн теңгенің 69 млн теңгесін талан-таражға салған. «Қазақфильм» киностудиясы экономикалық сотқа арыз жазып, бұл сомманың едәуір бөлігін қайтарып алыпты. Бүгінгі соттың үкімі бойынша сотталушылар әлі 18 млн теңге қарыз. Соның ішінде Жаманқұлов Мәдениет және спорт министрлігіне 3,5 миллион теңге, режиссер Талғат Жәнібеков 4,5 млн теңге, ал жеке кәсіпкер Данияр Әбдіқадыров 10 млн теңгеге жуық қаржыны қайтаруға міндеттелді.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ