$517.84 €543.11 ₽5.28
×

Алматыда жаңа тұрғын үй кешенінде 800 отбасы бір аптадан бері суға зар боп отыр

23.01.2025ж. 20:00
233
Алматыда жаңа тұрғын үй кешенінде 800 отбасы бір аптадан бері суға зар боп отыр

Алматыда 800 шаңырақ қоныс тепкен жап-жаңа тұрғын үй кешенінде кәріз құбыры істен шығып, көпшілік тіршілік нәріне бір аптадан бері зар боп отыр. Жұрт 2022 жылы «Қаланың қақ ортасында орналасқан жайлы пәтер ғой»-деп сеніп, осында көшіп келіпті. Дегенмен, сатып алғалы қиыншылықтан бір көз ашпадық дейді. 

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Бұл тұрғын үй кешені комфорт класс санатына жатады. Бірақ баспананың сыйқы осы. Кәріз құбырының суы осылай ағып, жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Енді тұрғындар не су ішіп қарық боп жатқан жоқ, не тіршілік қамына кірісе алмай отыр.

Бұл – жертөленің топан судан басылған түрі. Тұрғындар қалтасынан ақша шығарып, ассенизатор жалдап тазартыпты. Мәселе кәріз құбырына қоқыс толып, су сорғысының күйіп кетуінен басталған. Көптің айтуынша, «Шаһар сити» мен «Солтүстік» тұрғын үй кешеніне бір ғана кәріз су жүйесі орнатылыпты. Енді тіршілік нәрі тәулігіне бір-ақ рет беріледі. Одан көп қосса, жертөлеге қайта су толады екен.

МЕЙРАМГҮЛ ТЫНЫСБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Даже суымыз жоқ. Бетімізді де жуа алмадық, сондай жағдайлар болды. Түнгі сағат 12-де кір жумаңдар дейді. Кір жусаңыздар, мынаның барлығы толып кетеді деді.

МАДИНА ЖҰМАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Канализацияның су обратно беріп, подвалдарды топить етіп. Ол күндері де топить етіп жүрген, тазалап үлгеріп жүрген. Уже үлгермей кетті, потому что бізде екі ЖК екен бір канализацияда.

«Шаһар сити» тұрғын үй кешенінің жайлылығына жауапты мамандар да, Алатау ауданы әкімдігінің өкілдері де халықпен жүздесуге келді. Бірақ тілшілермен тілдесуден бас тартты. «Шаһар сити» кешеніне жауапты басқарма кәріз жүйесінің бұзылуына «Солтүстік» тұрғын үй кешенін кінәлап отыр. Ал, ол тұрғын үй кешені өкілінің сөзінше, мердігер компания алдағы уақытта сорғы станцияларын кеңейтпек.

«SHAHAR CITY» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ӨКІЛІ:

Кәріздік сорғы станциясы бастапқыда тек «Шаһар сити» тұрғын үй кешеніне есептелген болатын. Содан соң «Солтүстік» тұрғын үй кешені де осы кәріз жүйесіне қосылды. Қазір өзара талқылап жатырмыз. Егер «Солтүстік» тұрғындарына бөлек сорғы станциялары салынса, бәрі өз орнына келеді.

САЯУШ НҰРТАЗИН, «СЕВЕРНЫЙ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ӨКІЛІ:

Біз тұрғын үй кешенінің құрылысын 2 жыл бұрын аяқтағанбыз. Кәріз құбырын біріктірмес бұрын құрылыс басқармасынан рұқсат алдық. Бізге не үшін айып тағып отырғандарын түсінбедік.

Ал, тұрғын үй кешенін салған мердігер компания мәселені шешу үшін Алатау ауданының әкімдігімен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«QAZAQ STROY» КОМПАНИЯСЫ:

"Shahar City" тұрғын үй кешенінде жаңа кәріз құбырлары кешеннің келесі кезегі пайдалануға берілген кезде іске қосылады. Кәрізге қатысты мәселе "Shahar City"-дің инженерлік желісіне басқа құрылыс компаниясының үйлері уақытша қосылғандықтан, кәріздің көлем қуаты азайып, тұрғындарымыз бірқатар қолайсыздыққа тап болды. Қазір желімізге қосылған "Северный" тұрғын үй кешенін желімізден ажырату бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Кешенді салған "Центр СМР" компаниясы өз кәріз желісін салатын мерзімдерін хабарлауы қажет.

Атқамінерлер: «Кәріз құбыры мен су мәселесін майшаммен қараймыз, келесі сенбіде шешеміз»- деп тұрғындарға сөз берді. Одан бөлек, мұнда күні-түні қаңғыбас иттер де өріп жүретін көрінеді. Оқушылар мектепке жетем дегенше жандарын шүберекке түйіп барады дейді. Комфорт класс санатына жататын кешенде жөні түзу автортұрақ та жасалмапты. Кезек күтіп тұрған мәселе көп, ал жұрттың базынасы қашан құлаққа жетері белгісіз.