$522.42 €543.89 ₽5.28
×

Баласын ақылы оқытып отырған ата-аналар салықты аз төлейді

Баласын ақылы оқытып отырған ата-аналар салықты аз төлейді

Биылдан бастап баласын ақылы оқытып отырған ата-аналар салықты аз төлейді. Жеңілдік жоғары оқу орны немесе колледждің студенттеріне арналған. Салықтық шегерімнен балабақшаға ақы төлеп отырған қазақстандықтар да құр қалмайды. Ол үшін не істеу керек? Сюжет көрейік. 

Салықтық жеңілдікті колледжде, университетте оқып жүрген баласы 21 жасқа толмаған ата-ана ала алады. Бірақ бұл мүмкіндікті ұл-қызын ақылы мектепте оқытатындар пайдалана бермейді. Жаңа норма халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

ӘЛИ БЕКТАЕВ,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Мемлекет басшысының ең негізгі саясаты- әлеуметтік қолдау. Әсіресе тұрмысы төмен отбасыларды, көпбалалы отбасыларды қолдау. Одан кейін ана мен баланың құқықтарын сақтау. Ата-аналарға, одан кейін балаларға жағдай жасалынып жатқаны ол мемлекетіміздің тек ғана экономикасының көрсеткіші және әлеуеттік саясатының көрсеткіші деп білеміз.

Салықтық шегерімнің ең жоғарғы шегі бір жыл ішінде 118 АЕК аспайды. Яғни, максималды сома 463 976 теңге болады. Егер жалақы 150 000 теңгеден асса, бұл қызметкер жылына шамамен 46 мың теңге үнемдейді. Жеңілдікті алу үшін жұмыстағы есеп бөліміне өтінім жазу қажет. Сондай-ақ білім мекемелерімен жасалған келісімді және оқу ақысын төлегені туралы түбіртекті тапсыру керек. Салықтан үнемделетін қаржы әр адамның жалақысына байланысты.

Экономистер бұл тек жеке тұлғаларға емес, сондай-ақ білім беру ұйымдарына да өте тиімді екенін айтады. Яғни, сол арқылы басқа да азаматтарды өз қызметтеріне тартуға мүмкіндік алады.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Салықтық жүктемелер айналып келгенде сол қызметті тұтынатын азаматтардың санын көбейтуге әкеледі. Бір ғана минусы болуы мүмкін. Салық салынатын базаны азайтуға. Бірақ бізде әлеуметтік салықтан төленетін салықтық төлемдердің санына шаққан кезде бұл бюджетке қатты кері әсерін тигізбейді деп айтуға болады.

Бұл норма салық заңнамасына 2017 жылы енгізілгенімен, 2025 жылға дейін уақытша тоқтатылды. Сондықтан жеңілдік көлемін, өзге категориялар бойынша лимиттерді өсу жағына қарай қайта қараған жөн, дейді мамандар.