Арзанға алады, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қымбатқа сатады. Тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлар үй бағасын шарықтатып, халықтың титығына тиді. Билеттерді алдын ала жаппай сатып алып, күні таяғанда екі есе баға қоятындарды аямаймыз. Ал пәтерлерден пайда көзін тауып жүргендердің әрекеті заңды ма? Жауабын тілшіміз іздеп көрді.
Тұрғын үй нарығындағы алыпсатарларға көптің көзқарасы әртүрлі. Бірі "олар да күн көріп жүр ғой" десе, бірі "шектеу" керек дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Бір адам бір 50-ден, 100-ден алып тастаса енді қарапайым халыққа жетіспеушілік болады, үй қымбат болады дегендей.
- Шектеу керек деп ойлайм, қарапайым халыққа қазір қолжетімсіз боп қалды ғой баспана.
- Оларды бәрібір тексере алмайды ғой, неге десеңіз олар өздерінің атына алмайды ғой.
Мәселен бас қалада қарабайыр нұсқадағы аумағы 30-40 метр квадрат болатын 1 бөлмелі жаңа пәтерлердің құны шамамен 15-17 млн арасында. Ал дәл сол баспананы, бірақ жөндеу жұмысы жүргізілген түрінде кемі 24-30 млн теңге арасында табасыз.
Негізінде үй бағасы құрылыс компанияларының шығынына байланысты белгіленеді. Дей тұра алыпсатумен айналысатын мекемелер мен жеке тұлғалардың да әсері бар дейді экономист.
ЛӘЗЗАТ ЖАНМОЛДАЕВА, ЭКОНОМИСТ:
Осыған бір қандай да бір шектеу болатын болса енді ол үйдің нарықтағы жаңағы бағасына әсерін тигізе қояды деп, үлкен әсер болады деп айта алмайтын шығармыз, бірақ дегенмен де бұл да өзінің бір көмегін тигізуі мүмкін.
Заңгерлердің айтуынша алыпсатарлық бұрын мемлекеттік экономикаға қарсы келетіндіктен және қоғамдық мүдделерді бұзатындықтан кез келген салада құқық бұзушылық деп танылатын, ал қазір олай емес.
ГҮЛЖАУХАР ҚАЗИЕВА, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
Сатушылар, сатып алушылар заңды бұзбаса, заңда қарастырылған барлық салықтарды төлесе, заңда қарастырылған барлық талаптарды орындаса, онда бұл әрине заңды әрекет.
Заң жүзінде тыйым болмағандықтан ешкімге ештеңе деп күйе жаға алмайсың. Алайда жұрт пайда ойлағандардан емес, айла ойлағандардан жапа шегеміз бе деп қауіптенеді.