Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындары өтемақысыз қалды

AstanaTV
01.06.2017ж. 20:00
2973
Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындары өтемақысыз қалды

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен Заречный кентінің халқы бас көтерді. Саяжайларда тұрып жатқан жұрт өтемақыдан қағылғаны үшін әкімдікке ашуланып отыр. Айтуларынша, шенеуніктер панасыз қалған бұқараны шеттетіп тастады. Тіпті гуманитарлық көмекті де дені дұрыс бермеді, дейді. Далада қалған тұрғындардың мұңын тілшіміз тыңдап қайтты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Заречный кентінің шетінде орналасқан Меридиан бағбандық қоғамында 7 отбасы түтін түтетіп отыр. Қала ішіндегі жерге қол жеткізе алмаған жұрт осы аумақтан кішігірім үйлер тұрғызған. Алайда, бұл нысандарды қазір үй деп те айту қиын. Себебі тасқынның кесірінен баспаналардың сау тамтығы қалмаған.

Меридианға былтыр көшіп келген Серік Жетпісбаев уақытша үй тұрғызып, болашақта коттедж салуды жоспарлаған. Құрылыс жұмыстарын биыл бастамақшы болған ол материалдармен де қамданып қойыпты. Алайда, тасқын салдарынан отағасы жиған-тергенін де, арман-жоспарынан да айырылды.

Серік Жетпісбаев, «Меридиан» саяжай қоғамының тұрғыны:

Шығаруға апаратын жер де жоқ. Бізге ешкім айтқан да жоқ. Учасковый келіп жүрді, запись жасап. Техника ештеңе болмады. Оны біз дәл келген кезде қайда апарамыз? Біреу апаратын жер көрсетсе, онда апаруға можно было бы. Ал ештеңе де айтқан жоқ.

"Меридиан" бағбандық қоғамында 11 жылдан бері тұрып жатқан Гүлзат Буксикова былтыр ғана үйінде күрделі жөндеу жұмысын жасаған. Баспанасын жаңарту үшін несие алған. Жалғызбасты ана әкімдіктен қайыр болмағанына налиды.

Гүлзат Буксикова, саяжай қоғамының тұрғыны:

Акимат көмектесеміз-көмектесеміз деген түрлері анау, бір 10-15 келі ұн, макарон береді. Сонымен мәз болып отырасың. Ақшалай көмек дегенді ұмытыңдар деді. Өйткені сендер жилой дачаларда тұрасыңдар, сендерге көмек көрсетілмейді, деді.

Үйлері дымқыл тарқандықтан, жұрт қазір туған-туысқандарын паналап жүр. Ал кейбірі пәтер жалдауға мәжбүр. Жергілікті университеттің жатақханасында ата-анасымен бірге тұрып жатқан Айымгүл Қадірменова енді оларды қайда апарарын білмей дал.

Айымгүл Қадірменова, «Меридиан» саяжай қоғамының тұрғыны:

Дайын тұрған үйіміз де жоқ. Осында көшіп келгеннен кейін жоспарлап, үй саламыз деп, солай ойладық. Әйтеуір, өз үйімізде тұрамыз ғой деп. Билік өкілдерінен көмек бере алса, көмек сұраймыз. Қандай жағдайда болса да, қандай түрде болса да.

Заң бойынша су басқан саяжайлардың шығыны өтелмейді. Алайда, "Меридианның" мәселесін қолға алған шаһар атқамінерлері тұрғындарға өтемақыны қайырымдылық қорлардан қарастырмақ.

Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

7 отбасыдан арыз түсті. Егер де олар қалада тіркелсе, саяжайда тұрақты түрде тұрып жатқандарын дәлелдесе, онда оларға бюджеттік емес қорлардан өтемақы бөлінеді. Бұдан бөлек, төсек орынмен де қамтамасыз етеміз. Әзірге қанша қаражаттың бөлінетіні белгісіз. Оны үйлерді бағалаумен айналысатын комиссия шешеді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Комиссия мүшелері үйлерді бағалау жұмысына ендігі аптада кіріспек. Шенеуніктер өтемақы мәселесі алдағы 10 күннің ішінде шешіледі, деп уәде етті. Ал оған дейін басқа үйді жағалап жүрген дүйім жұрт маусымның бесінде азынап тұрған үйлеріне оралып, бағалаушылардың шешімін тағатсыздана күтуге мәжбүр.

А.Құрманкин