$503.15 €543.3 ₽5.93
×

Мұғалімнің еңбегі - оқушының жетістігі

AstanaTV
23.01.2025ж. 19:44
169
Мұғалімнің еңбегі - оқушының жетістігі

Еліміз көркейіп, болашақта өркениетті елдер қатарында көрінуі бүгінгі ұрпақ бейнесінен байқалады. Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Міржақып Дулатов «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда, теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу» демекші,ел болашағының жарқын болуы білімді, жан-жақты тәрбие алған ұрпақтың қолында.

Келер келешегіміздің келісті келбетін қалыптастыру олардың сапалы білім алуларына байланысты. Бұл ретте ұстаз бен шәкірттің тынымсыз жүйелі еңбегінің рөлі мен маңызы айтпаса да айқын. Енді олардың атқарған істері мен жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсек:

Жаңа оқу жылының басталуынан аяқ басқан сүбелі байқауларының бірі Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының шығармашылығын кеңінен дәріптеу мақсатында 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, аудан жастары арасында ұйымдастырылған "Тіл – қоғамның айнасы" атты аудандық байқауында Ахмет Назым Асилханқызы 1-орын иеленді.

Мұғалім – еңбегі адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс, сонымен қатар, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.

Бірлігі мен ынтымағы жарасып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында жеткен толағай табыстары қашанда ел назарында екені мәлім. Осы орайда, "ХАН" телеарнасы мектеп ұжымы мен мектептің тыныс- тіршілігімен танысып, керемет сұхбат өткізді.

    26.09.2024 ж. күні Түркістан қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейі базасында Білім басқармасы, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» АҚ, облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМ САПАСЫН БАСҚАРУ: СТРАТЕГИЯДАН ПРАКТИКАҒА» тақырыбындағы мектеп басшыларының семинарында Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының директоры Нурбеков Шохан Сәкенұлы «Педагогикалық ұжымды басқарудағы тиімді көшбасшылық шешімдер» тақырыбындағы баяндамасы арқылы өзі басқарып отырған мектептегі ішкі бағалаудың ерекшеліктері мен мектеп басшысы жұмысының талдау алгоритміне тоқталып, әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

       Қазақ даласындағы алғашқы ағартушы педагог Ыбырай Алтынсариннің құрметіне орай ұйымдастырылатын дәстүрлі «IV Ыбырай жазулары» байқауының аудандық кезеңінен 3 ұстазымыз II орындарды иеленсе , тағы

1 ұстазымыз «Алғыс хат» иегері атанды.

     Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6-сынып оқушылары арасында республикалық олимпиаданың екінші (аудандық) кезеңі ағымдағы жылдың 14-15 қараша аралығында өткізілді. Олимпиадаға қазақ тілі мен әдебиеті, жаратылыстану, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, орыс тілі мен әдебиеті,математика пәндерінен 16 білім алушы қатысты. Соның ішінде 6 оқушы I орынды иеленіп, облыстық кезеңіне жолдама алды.

      2024 жылдың 7-8 желтоқсан күндері 7-8-сынып оқушыларына жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының аудандық кезеңі өтті. Аудандық кезеңіне Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясынан іріктеуден өткен 23 оқушымыз қатысып, білім бәйгесіне түсті. Қатысқан 18 оқушымыз жүлделі орын иегерлері атанды: 2 оқушы 3-орын, 6 оқушы 2-орын , 10 оқушы 1-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

      2024 жылдың 4-5 желтоқсан күндері 9-11-сынып оқушыларына жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының аудандық кезеңі өтті. Аудандық кезеңіне Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясынан іріктеуден өткен 31 оқушымыз қатысып, білім бәйгесіне түсті. Қатысқан 31 оқушымыз түгелдей жүлделі орын иегерлері атанды: 4 оқушы Алғыс хат, 4 оқушы 3-орын, 11 оқушы 2-орын , 12 оқушы 1-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

    «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының аудандық кезеңіне түрлі пәндер бойынша 9 педагог қатысып, 8 ұстазымыз жүлделі орындарды иеленді. Облыстық "Үздік авторлық бағдарлама" байқауына Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гиназиясынан физика пәні мұғалімі Р. Набатов, химия пәні мұғалімі А. Дәукеева, музыка пәні мұғалімі Ж. Қарабекова қатысты. “Үздік авторлық бағдарлама” атты облыстық байқауда физика пәнінің мұғалімі Набатов Раим Кенжебекұлы жүлделі екінші орынға ие болса, химия пәнінің мұғалімі Дәукеева Айдана ұстазымыз үшінші орынға лайық деп танылды.

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, заман ағымына төтеп беріп, келер ұрпаққа Қазастанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуді ұмытпайық.