$522.42 €543.89 ₽5.28
×

Аймағамбетов медицина мамандарын даярлауда жаңа жүйе ұсынды

AstanaTV
23.01.2025ж. 23:58
102
Аймағамбетов медицина мамандарын даярлауда жаңа жүйе ұсынды

Қазақстанда медициналық кадрларды даярлау жүйесінде маңызды өзгерістер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Жақында елдегі жетекші медициналық ғылыми институттардың басшыларымен кездесу барысында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа бастаманы талқылады. Бұл ұсыныс бейінді PhD-докторанттарды ұлттық медициналық ғылыми орталықтарда даярлауды көздейді.

Асхат Аймағамбетов атап өткендей, кардиохирургия, онкология, травматология және нейрохирургия саласындағы ұлттық институттар күн сайын күрделі оталар жасап, адам өмірін құтқарып келеді. Сондықтан болашақ мамандарды теориямен ғана шектемей, тікелей тәжірибеден өткізу медицина сапасын арттырудың негізі болмақ.

Қазіргі жүйеге сәйкес, докторантура тек университеттерде қолжетімді. Бірақ Аймағамбетовтың айтуынша, теорияны университеттерде оқытып, тәжірибені ғылыми институттарда ұйымдастыруға мүмкіндік беретін консорциум моделін енгізу қажет.

“Мұндай модель бұған дейін де ұсынылған, бірақ қаржыландыру, мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру және университеттер мен ғылыми институттар арасындағы келісімнің болмауы бұл жүйенің толық жүзеге асуына кедергі келтірген”, — дейді ол.

Жаңа бастама

Мәжіліс депутаты заңға өзгеріс енгізу арқылы бұл мәселені шешуге болатынын алға тартты. Оның айтуынша, жаңа заң:

    • Мемлекеттік тапсырысты тікелей ұлттық медициналық ғылыми институттарға бөлуді;

    • Диссертациялық кеңестерді осы институттардың жанынан құруды;

    • Тек практикаға негізделген бейінді бағдарламаларды қамтуды қарастырады.

Ал ғылыми-педагогикалық бағыттағы докторантура бұрынғыдай университеттерде қалмақ.

Қолдауға ие болған жоба

Бұл ұсыныс медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар арасында қолдауға ие болды. Енді бастаманы нақты іске асырып, болашақ PhD-докторларды тәжірибелі хирургтар мен ғалымдардың жанында оқытуға жағдай жасау маңызды.

Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, медициналық докторантураның жаңа моделі – тек ғылымды дамыту ғана емес, адамдардың өмірін сақтап қалатын шынайы мамандарды дайындаудың басты қадамы.

“Ұсынылған өзгерістер медицина саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Ендігі міндет – заңнамалық негіздерді бекітіп, бастаманы тиімді жүзеге асыру”, — деп атап өтті ол.