Қазақстанда АЭС құрылысын кім жүргізетіні маусым айында анықталады, деп хабарлайды Orda.kz.
Қазір мемлекет басшысының атом электр стансасының құрылысын жеделдету туралы тапсырмасына сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуетті вендорлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің жетекшілігімен Қазақстан делегациясы Ресейге іссапармен барып қайтқанын жазған едік.
Министрлік Ленинградтағы АЭС-тың жұмыс тәжірибесімен танысып қайтқан. Сонымен қатар ВВЭР-1200 реакторлары бар 3+ буын энергоблоктарының технологияларын зерттеді. ВВЭР-1200 реакторы - «Росатом» мемлекеттік корпорациясының флагмандық жобасы.
Қазақстанның Ресейге сапары АЭС салуға қажетті технология жеткізушілермен жүргізілген диалогтың соңғы кезеңі болды. Бұған дейін делегация Оңтүстік Корея, Франция және Қытайға барып қайтқан еді.
Қазіргі таңда АЭС салуға үміткер ретінде төрт компания тіркелді. Олар: Ресейдің «Росатом», Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP, Францияның EDF компаниясы.