Бірер күн бұрын боранды күні жолда қалған туристерді үйіне шақырып, қонақ қылған тараздық полицейдің видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгиялық Силке мен шотландиялық Киран - ерлі-зайыпты туристер, сол күні Алматыдан Шымкентке қарай тасжолмен бет алған. Бірақ автокөлікпен Таразға жеткенде күн бұзылып, боран соғып, жол көрінбей қалады. Аязды күні жол жолаушыларды тоқтатып, жөн сілтеп тұрған Серік атты полицей шетелдіктер отырған көлікті де тоқтатқан.
«Біз Талғат және Майк атты достарымыздың отбасымен танысу үшін Шымкентке кетіп бара жатқан едік. Таразға жеткен кезде тоқтаусыз жауған қардан алдымыз көрінбей қалды. Ауа-райы бұзылып, боран соғып тұрды. Біз Тараздан Шымкентке қарай жүріп кетейін деп жолда тұрғанымызда Серік есімді тамаша полицеймен таныстық. Ол бізді ойланбастан үйіне қонаққа шақырды. Біз кейінгі үш жылда тынбастан саяхаттап, талай елде болдық. Осындай боранды күндерге тап болдық, бірақ көбіне табиғаты жұмсақ елдерге барғандықтан, біз үшін ең қорқынышты құбылыс – муссондар (маусымдық желдер). Соның бірін Қырғызстандағы ең биік таулы көл – Соңкөлге атпен шыққан кезімізде көрдік. Шатқалда қарлы дауыл соққан еді. Бақылау-өткізу пунктінде бізге кездескен Серік өте ақкөңіл, жайдары, қонақжай жан екен. Біз оның үйінде қонақ болып отырғанда елдердің мәдениеті, тарихы, діні туралы ұзақ сөйлесіп, өз оқиғаларымызды бөлістік. Талғат досымыз Серіктің отбасы мен біздің ортамызда аудармашы болып, бір-бірімізге әңгімелерімізді аударып беріп отырды. Қазақтың қонақжайлығына тең келер әлемде бірде-бір ел жоқ. Қайда барсақ та, қазақтай кеңпейіл халықты көрмедік. Қазақстанда өз үйімізде жүргендей жайлы сезінеміз. Мұнда жүргенімізге 3 ай болды, соның 99% күнімізді жергілікті халықтың отбасыларында өткіздік», - дейді олар.
Силке мен Киран Қазақстанға қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға келген. Олар медиа өкілдері ретінде әлеуметтік желіге контент түсіру үшін шақыртылған.
«Біздің Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы видеомыз YouTube-те 100 мың қаралым жинады. Соның арқасында көптеген адамдармен байланыс орнатып, Қазақстаннан достар таптық. Біз Таразда екі күн ғана болдық. Қысқа уақыт ішінде суыққа қарамай қаланы барынша аралап шығуға тырыстық. Қазақстан – көз тойдырар табиғаты мен қонақжай халқы бір-біріне жарасқан таңғажайып ел. Бізге осынау керемет елде уақыт өткізу қатты ұнады, сондықтан тағы да қайтып келеміз», - дейді қонақтар.