Ертеңнен бастап пойыздарда интернет қосылады, деп хабарлайды Қазақстан телеарнасы.
Аталған қызмет әзірге «Астана – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында ғана қолжетімді. Демек жолаушылар енді жол бойы WhatsApp, YouTube секілді қосымшаларды еркін пайдаланып, видео көре алады. Алайда файлдарды жүктеу сайттарына шектеу қойылады. Сондай-ақ пилоттық жоба аясында билетті жылдам тексеру үшін жолсеріктердің мобильді құрылғысы, вагондағы жағдайды бақылау үшін бейнебақылау жүйесі сынды бірқатар заманауи технологияны сынақтан өткізу көзделіп отыр.
"Бұл пилоттық жобаның ең басты мақсаты – ғаламтордың жылдамдығын, сапасын тексеру. Өйткені біздің ойымызда бар, егер де бұл жоба сәтті өтсе, онда біз әрбір жолаушылар пойызына интернет қосамыз", - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Мұрат Төрегелдин.