Соңғы апталарда Израиль Ливан армиясы шекаралық аймақта тым баяу орналасып жатыр деген қорытындыға келді. Бұл Израил әскерін Ливаннан шығарылуын кешіктіріп, «Хезболлаға» қайта күш жинауға мүмкіндік беруі ықтимал, деп хабарлайды Kazinform.
Израиль Америка Құрама Штаттарынан Ливанның оңтүстігінен әскерлерін шығару үшін қосымша 30 күн сұраған. Бұл Хезболламен атысты тоқтату келісімінде белгіленген 60 күндік мерзімнен асып кетеді.
2024 жылдың 27 қарашасындағы атысты тоқтату келісімінің шарттарына сәйкес, Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) 26 қаңтарға дейін Ливанның оңтүстігіндегі барлық позицияларын Ливан қарулы күштеріне тапсыруы керек.
Америка Құрама Штаттары және Франция делдалдығымен жасалған келісім Израиль әскерлерінің Ливанның оңтүстігінен кетуін және Хезболладан содырлар мен қару-жарақтарды аймақтан шығаруды талап етеді. Оның орнына Ливан әскерлері шекаралық аймаққа орналастырылуы керек.
Алайда Израиль Ливандағы Хезболла тобы келісімшарттарын орындауға асықпай жатқанын айтып шағымдануда және бұл тұрғыда нақты прогресс керек деп санайды.
ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігінде әрекет ететін израильдік сарбаздар бүгінгі күнге дейін Хезболлаға тиесілі қарулар мен инфрақұрылымдарды анықтап жатқанын айтты.
Израильдің Haaretz daily газеті АҚШ пен Франция Израиль және Ливан шенеуніктері сұраған ұзартуды талқылап жатқанын хабарлады. Егер басқа тараптар келіссе, Франция келісімді ұзартуда ешқандай проблема көрмейтінін мәлімдеген.
Оған жауап ретінде Хезболла барлық тарапты, соның ішінде Ливан билігін де, жексенбі, 26 қаңтарда 60 күндік атысты тоқтату келісімі аяқталған соң ЦАХАЛ-ға қысым көрсетіп, Израиль әскерлерінің шығарылуын талап етуге шақырды.
Хезболла «егер Израиль Ливанның оңтүстігінде 60 күннен артық қалса, мұны келісімді өрескел бұзу және Ливанның егемендігіне жасалған шабуыл деп санайтынын» мәлімдеген.
Израиль келісім күні ұзаруынан үмітті, сол үшін де әлі Ливаннан әскерін шығару туралы шешім қабылдамаған.
– Израиль мен Хезболла келісімі 1,2 миллионнан астам адамды өз үйін тастап, босқынға айналдырған, 3500-ден астам адамның өмірін қиған Израильдің Ливанға құрлықтан шабуылына нүкте қойды, – деп хабарлайды Ливан Денсаулық сақтау министрлігі.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Израиль мен ХАМАС ортасында Газа секторындағы атысты тоқтату келісімі өз жалғасын тауып жатыр.