Түркістан қаласында ағаштардың бүршік жара бастағанын фотограф Нахып Шынтемиров таспалап алған. Содан әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Онда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ алдындағы ағаштардың көгере бастағынын көруге болады, - деп жазды KAZINFORM.
Жазбаға пікір жазған оқырмандардың бір бөлігі «үсіп қалатын болды» деп алаңдаушылық білдірсе, екінші тарап қаңтарда бүр жарған ағаштарға таң қалысып жатыр. Олардың арасында «Бізде ақтүтек боран», «Әдемі көрініс!» деген жазбалар бар.
Ал, автордың өзі «Сирен ағашының бүршіктері үсігенімен қайта шығады. 25-35 градусқа дейін шыдайды», - деп жазды.
«Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек бұл табиғи құбылыс деген баға берді.
- Жалпы күн жылынғанда кез келген өсімдік, ағаш денесінен сөл бөледі. Содан бүршік пайда болады. Ал, күн қайта салқындағанда қалпына келеді. Оңтүстік өңірде биыл қыс жақсы болып тұр. Күн әліде салқын, жерде қар бар. Өткен жылдары қаңтар айында жер көгеріп, бәйшешек шығып кеткен болатын, - деді ол.