Бүгін Астана қаласында Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Алқалы жиында еліміздегі ғылыми қауымдастықтың 300 өкілі, оның ішінде тарихшы-зерттеушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосты.
Форумның пленарлық отырысында және жеті жұмыс секциясында археология, этнография, этнология, тарихи география салаларындағы жаңалықтарды талдау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстан зерттеушілерінің шетел мұрағаттарында, музейлерінде және кітапхана қорларында жүргізген зерттеулерінің нәтижелері қаралды. Басқосудың басты тақырыбының бірі «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық басылымды дайындау барысын талқылау болды. Бұл жобаға бес ғылыми зерттеу институты және еліміздің 250-ден астам ғалымы жұмылдырылды.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде Тарихшылардың ұлттық конгресі еліміздегі тарих ғылымын дамыту тұрғысынан зор маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесі және Қазақстан тарихының жеті томдық басылымын дайындау барысы туралы баяндады.
Ерлан Қарин соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген археологиялық олжалар мен архивтік құжаттар ұлтымыздың тарихын неғұрлым біртұтас әрі кең ауқымда қабылдау қажеттігін айғақтайды деп атап өтті.
Қазақстан – көшпенділердің ежелгі мемлекеттік құрылымдарының бесігі және бір кездегі қуатты елдер мен империялардың мұрагері ғана емес, сонымен қатар тұтас көшпенділер өркениетінің ошағы мен орталығы. Сондықтан ұлттық тарих ғылымының міндеті – халқымыздың тарихына өркениет парадигмасы тұрғысынан ауқымдырақ және кеңірек қарау, оны осы ұстаным бойынша дәріптеу, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Форумға қатысушылар сөз сөйлеп, ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихына қатысты көптомдық академиялық басылымды әзірлеу жұмыстарына жоғары баға берді. Сондай-ақ археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу ауқымын кеңейту, мұрағат пен аймақтану ісін одан әрі дамыту, оқулықтарды және тарихты оқыту әдістемесін жетілдіру қажеттігіне тоқталды.