Қарағанды облысында есірткі және психотроптық заттарды өндіру және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Асыл ауылында есірткі зертханасы жойылды. Оқиға орнынан 200 келіге жуық есірткі заттары мен оларды жасауға арналған құрал-жабдықтар табылды. Операция барысында ерлі-зайыптылар - Алматы қаласының тумасы 25 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел ұсталды.
Одан әрі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде Алматыда 30 жастағы есірткі зертханалары желісін ұйымдастырушы Теміртау қаласының тумасы ұсталды. Күдіктіден қылмыстық желі қызметін үйлестіру үшін пайдаланылған ноутбук, таразы, күнделік және 21 ұялы телефон сияқты айғақ заттар алынды.
Тергеу нәтижесінде ұсталған азаматтың Қарағанды және Алматы облыстарында орналасқан бес есірткі зертханасын ұйымдастыруға қатысы бар екені анықталды.
"Қылмыстық әрекетке қатысы бар барлығы бес адам ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелерін анықтау және олардың заңсыз әрекеттерін тоқтату бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.