Үкімет пен Парламент жаңа Салық кодексіне қатысты ұстанымдарын жария етті,деп хабарлайды inbusiness.kz.
Тараптардан ұстанымдарын жақындастырып, барынша жылдам ортақ тоқтамға келу талап етілуде. Содан соң Салық кодексі қабылданады.
Дау тудырған өзгерістердің бірі – банк операцияларына қосылған құн салығын (ҚҚС, орысша нұсқасы – НДС) салу болып отыр. Үкімет бұл тапшылығы тарихта болмаған рекордтық көлемге жеткен бюджетті толтыру үшін қажет екеніне табандауда.
Ал, Мәжіліс әзірге банк операцияларына ҚҚС енгізуді қолдамай тұр. Нақтылағанда, бір топ депутат мұны болдырмауға күш салмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады.
"Үкіметтің банктік аударымдар мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз! Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны, ҚҚС енгізіледі деген болжаммен, өсіп жатыр. Банктің картасынан басқа банктерге аударым 150 теңгеден 200 теңгеге дейін қымбаттады. ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Біз бұл норманы қабылдамауды және негізгі қаржылық қызметтер бағасының өсуіне жол бермеуді ұсындық", – деді ол.
Оның айтуынша, бірқатар депутат жаңа Салық кодексінің жобасына осындай түзету енгізді.
Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, бұл салықтың банк клиенттеріне қатысы жоқ, ол тек банктердің өзінен жиналады. Ал, депутаттардың байламынша, банк ол салықты бәрібір клиенттердің мойнына жүктейді, ҚҚС-ті солардың ақша аударымдарынан ұстайды.
"Картадан картаға ақша аудардым, одан 150 теңге комиссия ұстап қалды. Бірақ егер жаңа Салық кодексі жобасында ұсынылған норманы Парламент қабылдаса, онда мұндай әрбір аударым бірден 12%-ға қымбаттап шыға келеді. Экономика министрлігі барлық төлем операцияларына ҚҚС салуды жоспарлап отыр. Салдарынан, пластик карталарға қызмет көрсету, картадан картаға, шоттан шотқа қаржы аудару, шот пен картаға жалақы, жәрдемақы, зейнетақы аудару және басқа банк қызметтері қазіргіден әлдеқайда қымбаттап шыға келеді", – деп түсіндірді депутат Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері бұл салық шығыстарын банктердің өздері өтейтінін қайталаудан жалығар емес.
"Бірақ адалын, әділін айтқанда, мұнысы – алдарқату. Банктер шығындарын клиенттеріне арту мүмкіндігін ешқашан қалт жібермейді. Банк – қайырымдылық ұйымы емес. Жұмыс тобында бұл нормаға Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар, тіпті "Атамекен" қарсы шықты. Алайда Экономика министрлігі оны бәрібір кодекс жобасына қосып қойды. Мұндай өзгерістер халықтың шығысын арттырады, сондай-ақ елдің қаржы жүйесіне деген сенімін құртады. Бұл бастаманың әрбір адамға қатысы бар! Кезекті салықты қарапайым адамдардың иығына арту қаншалықты әділетті? Бюджеттік дефицит проблемасын басқа жолмен шешу керек", – деді мәжілісмен.
Оның ойынша, Үкімет имидждік және басқа да басымдықты емес шығыстардан бас тартқаны, бюджетті оңды-солды шашпай, барынша ұтымды пайдаланғаны, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойғаны, шектен тыс табыс табатын ("сверхдоходы"), олигархтарды байытып отырған салалар үшін салықты арттырғаны жөн.
Шенеуніктер керісінше, әлеуметтік сезімтал салаларда салықтық жеңілдіктерді жоюды жоспарлады. Мысалы, егер Парламент Үкіметтің жетегінде кетсе, қаржы секторындағы келесі қызметтерге ҚҚС енгізіліп, олар қымбаттайды:
Барлық банктік және басқа да ұқсас операциялар;
Төлем карталары, электронды ақшалар, чектер, депозиттік сертификаттар бойынша барлық операциялар;
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қызметтері;
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметтері;
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметтері;
"Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) инвестициялық қорларының операциялары;
Ислам банкінің банктік операциялары;
Банкаралық клиринг бойынша қызметтер және басқалары қымбаттайды немесе қазір тегін болса, кейін ақылыға айналады.
"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының директоры Бақыт Жұматай әлеуметтік желіде пікір білдіріп, шетелдік озық тәжірибеге назар аудартты.
"Олардың ешқайсысында банктер ақша аударымынан 12% комиссия ұстамайды. Мәселен, АҚШ-та егер сіз тікелей банктік шотыңыздан төлесеңіз, комиссия 0%-ды құрайды. Егер кредиттік немесе дебеттік картаны қолдансаңыз, комиссия 3%-ға дейін жетуі мүмкін, әйтсе де одан аспайды. Біздің "жасампаз" экономистер мұндай идеяларды қайдан алады екен? Азаматтардың есебінен үнем қылуға дайын тұрады. Шынымен бюджет шығыстарын оңтайландырғысы келсе, онда мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы негізсіз шығындарды қысқартуы қажет. Бұл әсіресе, шектен тыс қампайтылған штаттарға, негізсіз берілетін бонус-сыйақыларға, тиімділігі күмәнді шетелдік филиалдарды ұстап тұруға қатысты", – деді сарапшы.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары да бюджетті толтырудың басқа, толымды қайнарларын көрсетті. Олар оны Салық кодексі жобасына ұсыныстар түрінде енгізді. Қабылданары не қабылданбасы әзірге белгісіз. Қазіргі таңда олар жұмыс тобы деңгейінде талқылануда.
Біріншісі – құмар ойындарға салынатын салықты көбейту. Казинолар, букмекерлік кеңселер айтарлықтай қаржылық әлеуетке ие. Соған қарамастан, Үкімет оларға жаңа Салық кодексі жобасында небәрі 10% деңгейінде, яғни, қарапайым азаматтар төлейтін салық мөлшерін ғана қарастырды.
Иә, бұл қолданыстағы деңгейден бірнеше есе жоғары, бірақ бір топ депутат оны екі есеге арттырып, 20%-ға дейін көтеруді ұсынды. Бұл бюджетке қосымша жүздеген миллиард теңге түсім әкелер еді.
Екіншіден, алкогольге, ішімдіктің барлық түріне акциз алымын ұлғайту. Алкогольдік өнімдер бірінші қажеттілікке жатпайтын тауар болғандықтан, оған акциздерді арттыру қисынды.
Үшіншіден, трансмайларға акциз енгізу. Трансмайлар – арзан, бірақ өте зиянды, қатерлі ісік ауруларын туындататын канцерогендік заттар. Олар Қазақстанда тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
Еуропа елдерінің күрес тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда трансмайларға акциз енгізу ұсынылды. Бұл олардың қолданылуын азайтуға және өндірушілерді табиғи майларға көшуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл бюджетке қосымша табыс әкеледі.
Төртіншіден, депутаттар шенеуніктердің шығындарын оңтайландыруды ұсынды.
"Салықты көбейту – шығындар құрылымын қайта қараусыз мүмкін емес! Егер бюджет кірісімен байланысты проблемалар айқын болса, басымдыққа ие емес шығындарды оңтайландыру логикалық қадам болады. Мемлекет басшысы бұл туралы бұған дейін де тапсырма берген еді. Мемлекеттік органдарға әкімшілік ғимараттар салу, үлкен стадиондар мен концерт залдарын тұрғызу, имидждік шаралар мен форумдар өткізу шығындарын қысқарту қажет", – деді Асхат Аймағамбетов.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, жаңа Салық кодексі келесі жылдан бастап, дәрі атаулыны бұқараға мүлдем қолжетімсіз етуі мүмкін. Өйткені онда "дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу" көзделген. Бірнеше депутат оны жою туралы қарсы түзету енгізді.
Олардың пікірінше, медикаменттер мен медициналық бұйымдарға және жабдықтарға қосылған құн салығын енгізу дұрыс емес. Себебі, бұл ең осал топтарға – зейнеткерлерге, балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға, барлық науқасқа тікелей әсер етеді. Соның салдарынан, дәрі-дәрмектердің бағасы айтарлықтай қымбаттайды.
Ал, медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу бүкіл халық үшін, әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектер үшін емделуді қолжетімсіз етеді. Медсақтандыру шығыстарын арттырады. Қазірден медұйымдар алдында қарызы миллиардтап ұлғайып бара жатқан Медсақтандыру қоры жаңа салық кесірінен банкрот болуы мүмкін.
Депутаттар медициналық қызметтер үшін керісінше, корпоративтік табыс салығы (КТС) мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды.
Айтқандай, 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енген соң клиенттер үшін банктердің қызметі онсыз да қымбаттайды. Өйткені Мәжіліс депутаттары Кодекс жобасына банктер үшін КТС ставкасын арттыру туралы түзету енгізді.
Үкіметтік жобада банктер үшін корпоративті табыс салығы (КТС) 25% деңгейінде белгіленген. Депутаттар бюджетке қосымша табыс әкелу үшін оны 30%-ға дейін көтермек. Тағы да банктер бұл шығысын клиенттеріне аудара салары сөзсіз.