Алматы қаласындағы №8 қалалық клиникалық ауруханасының науқас жанжал шығарып, екі гинеколог-дәрігерді соққыға жықты. Ол бір дәрігерді белден төмен жағынан теуіп, екіншісінің бетіндегі терісін жырып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы зардап шеккен дәрігерлердің бірі Айша Усманова желідегі парақшасында жағдайды айтып берді. Оның сөзінше, оқиға 2024 жылдың қарашасында, түнгі кезекшіліктен кейінгі есептермен айналысып отырған кезінде болған. Оның қасында ауысымға келген дәрігер пациентпен кеңес өткізіп жатқан еді.
Айша Усманова науқастың әуел бастан өзін агрессивті әрі әдепсіз ұстағанын, кейіннен компьютер мониторын әдейі құлатқанын айтты.
"Бұл жағдайға араласқан жоқпын, бірақ ол аурухананың мүлкін бүлдіре бастаған соң, көмек шақырып, видео түсірілім басталғанын ескерттім, – дейді дәрігер.
Пациент бұл ескертуді елемей, өзі де видео түсіретінін айтып, екінші дәрігерге шабуыл жасаған. Содан соң күтпеген жерден, телефонын ала салып, Айша Усманованың бетіне қатты соққы жасап, оның оң көзінің үстіңгі қабағының терісін жарып жіберген.
"Сол сәтте мен қатты қан кеткенін түсінбедім. Тек әріптесімнің маған қорқынышпен қарап тұрғанын көрдім. Бетімнен жылы бірдеңе ағып жатқанын сезіп, қолымды бетіме апарғанда, қолымдағы қанды көрдім. Кейін қанның киімімде, еденде екенін байқадым", – деп есіне алды дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, науқас мұнымен тоқтамай, екінші дәрігерді де ұрып-соғып, шабынан теуіп, ернін жарып, кеудесін тістеп алған.
"Науқас өзін ешкім жазаламайтынын айтып, оның әкесі офицер екенін қайталай берді. Сол уақытта қауіпсіздік қызметі келіп, оны дәрігерден ажыратты. Ал мені таңу бөлмесіне алып кетті. Телефонның соққысы соншалықты қатты болды, мен ми шайқалуы диагнозымен қалдым, – деп атап өтті Айша Усманова.
Бұл оқиға сотқа жетіп, науқас өзінің кінәсін мойындамаған. Медициналық қызметкерлерге тіл тигізуді жалғастырған. Сот шешімімен агрессивті пациент қоғамдық жұмыстарға тартылып, моральдық шығын ретінде небәрі 200 мың теңге төлеуге міндеттелген.