Краснодарда үш мейрамхананы өртеп жіберген жас жігіт ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ өңірлік басшысының Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ол бұл әрекетін алаяқтардың нұсқауымен жасаған. Қаскүнемдер жас жігіттің тіркеулік жазбасын бұзып, оның жеке деректерін қылмыс жасау үшін пайдаланамыз деп қорқытқан.
"25 қаңтарда Краснодар полициясына сағат 22.27-ден 23.30-ға дейінгі уақыт аралығында қаланың батыс округінің үш мекемесінде қасақана өртеу туралы хабарлама түсті. Қаланың мейрамханаларының бірінің қызметкерлері қаскүнемді ұстап алып, оны сол жерге келген полиция қызметкерлеріне тапсырды", - делінген хабарламада.
Қалалық муниципалды басқару орталығының Telegram-арнасындағы парақшасында оқиғаның мән-жайы жарияланған болатын.
"22.27-де Красная көшесі 109 мекенжайы бойынша МясоLove мейрамханасында өрт шыққаны туралы ақпарат түсті. 50 адам эвакуацияланды. Алдын ала зардап шеккендер жоқ. Өртті жоюға Ресей ТЖМ жеке құрамының 28 адамы, алты техника жұмылдырылды. 22.53-те өрт толығымен сөндірілді. 22.51-де Северная көшесі, 279-дағы мейрамханада өрт туралы ақпарат келіп түсті, өртсөндірушілер келгенге дейін алты минуттан кейін өрт сөндірілді, 37 адам эвакуацияланды. Тағы бір өрт сағат 23.36-да Красная көшесінде болды. 23.45-те өрт сөндіру-құтқару гарнизоны келгенге дейін өрт сөндірілді, 15 адам эвакуацияланды", - делінген жазбада.
Күдікті ретінде 19 жастағы Динск ауданының тұрғыны ұсталды. Жас жігіттің айтуынша, оның тіркеулік жазбасын бұзған және қылмыс жасау үшін жеке деректерін пайдаланамын деп қорқытқан шабуылдаушылар оны өртеуге мәжбүр етті.
Полицейлер жиналған материалдарды тергеу органдарына процедуралық шешім қабылдау үшін тапсырды.