Ажырасып баюға болады. Мемлекет екі жаққа кеткендерге қол ұшын созып жатыр. Үйіңді де береді, қалтаңа ақшаңды да салады. Әлеуметтік желіде тараған осы ақпаратты оқығандар жаппай айырылысуға көшкен. Олар ойдағы олжаға кеңелу үшін отбасын ойрандаудан тайынбайды. Көздегенін алғаннан кейін түк болмағандай қайта қосылып, бақытты өмірін жалғастырады. Депутаттар бұл нағыз алаяқтық деп дүрлігіп отыр. Толығырақ Аружан Задабек түсіндіреді.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің ішіне Қазақстан кірді. Бұл анау-мынау статистика еме. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі – осы. Жастардың екі жаққа кетуіне көбіне материалдық жағдай әсер ететін көрінеді.
Қазір менің күйеуім бар. Бірақ көріп тұрғандай дүние-мүлкім жоқ. Ал егер ажырассам, бірден байлыққа кеңелуім мүмкін. Мемлекет отбасы ойран болғандарға үйді де, көлікті де береді. Жоқ, алаяқтыққа бармаймын десең, бәріне өзің жетуің керек.
Бәрінің дәл осылай оңай болғанын қалайтындар тағдырдан теперіш көріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен емес, әлеуметтік көмек үшін әдейі ажырасады. Екіге кетті деген аты ғана. Құжатпен бөлек болса да, жүрекпен біргеміз деп мемлекет берген қаржыны қысылмай иемденеді. Мүсәпірдің кейпін кешіп, мұқтаждықпен мақтанады.
Бәрі дәл осы кинодағыдай. Тақырыптың әзілге айналғаны шымбайға батқанымен, шындық – осы. Шиеленіскен мәселе шешілер емес.
Өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми түрде екіге кетіп, мемлекеттен көмек алған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ бала дүниеге келген. Тіпті, ағайын-туысы да, көрші-қолаңы да олардың ешқашан айырылыспағанын растаған.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де "жалған ажырасу" деген тіркес жиі айтыла бастады. }Құқықтық тұрғыда бағалайтын болсақ, "жалған некенің" де, "жалған ажырасудың" да табиғаты – алаяқтықпен тең.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін "Неке және отбасы туралы" заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Демек, оларды алаяқ десек те жаза қолдана алуымыз екіталай.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Цифрлық технологияларды енгізуіміз керек. Қасақана ажырасып, үй алып алу үшін, сосын қайтадан қосылатындарды базадан тексеруге болады.
Мамандар мәселені шешудің бір-ақ жолы бар дейді. Ол - "Неке және отбасы туралы" заңға жалған ажырасу туралы норма енгізу. Бірақ, бұл- тек ұсыныс әзірге.