$516.13 €538.01 ₽5.29
×

Бір адамның 82 тісін емдеген

27.01.2025ж. 20:00
108
Бір адамның 82 тісін емдеген

Естімеген елде көп. Емханалар бір адамның 82 тісін емдеген. Тіпті, 5 айлық баланың тістерін қанқұрттан тазалаған. МӘМС-ке қатысты сорақы әрекеттерді депутаттар бүгін Үкімет сағатында жайып салды. Тіпті, жүйені уақытша тоқтату керек деген пікір айтылды. 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өзенде жүзіп келе жатқан бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына, қолына шелекті алып, суды сыртқа төгумен әлек. Міне, дәл осындай жағдай МӘМС жүйесінде болып жатыр.

Депутаттың келтірген аллегориясы орынды-ақ. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес жүріп жатыр. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы әлі жасалынбаған. Ол-ол ма, елорданың төріндегі медициналық ұйымдар лицензиясыз акушерлікпен айналысқан.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бақытжан аға, тез байып кетудің жолын айтсаңыз деп ақыл сұраса, мен былай дер едім: "Ақша жымқырғың келсе, онда қалалық емханаға басшы қызметіне бар да, өзіңе ТОО ашып ал. Лицензия алмай-ақ қой, рұқсат алмай-ақ қой, ТОО-на МӘМС жүйесі арқылы миллиардтаған ақшаны аудар.

Мәжілісмендер МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейтінін айтады. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді.

НҰРЛАН НҰРЖАНОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА МҮШЕСІ

Лицензиясыз почему жұмыс істейді, значит лицензионный контроль жоқ немесе қосымша орындаушылардың бақылау мониторингі жасалмаған.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев МӘМС жүйесін ретке келтіргенше оны тоқтатуды ұсынды.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Онсыз да басы қатып жүрген елдің басын қатырмай, мүмкіндік болса, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше МӘМС жүйесін неге тоқтата тұрмасқа?!

Бүгінде МӘМС жүйесінде 16,2 млн адам тіркелген. Оның ішінде 14 млн адамның медициналық шығынын мемлекет көтереді. 3,5 млн адам міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмай отыр.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Жергілікті атқарушы органдардың есебінен осал топтардағы азаматтарды, 15 категорияға жатпайтын азаматтарды жергілікті атқарушы орган есебінен тіркеу, сол жерде әкімшілендіру жоспарланып отыр.

Министрдің сөзінше, бұл бастама іске асса, салаға 1,2 млн азаматты тартуға мүмкіндік береді.