$516.13 €538.01 ₽5.29
×

Павлодарда жылы аялдамалар жабық тұр

27.01.2025ж. 20:00
130
Павлодарда жылы аялдамалар жабық тұр

Павлодарда жылы аялдамалар тұрғындарды жылыта алмай тұр. Аты бар да заты жоқ павильондардың жұмысына қараша халықтың көңілі толмайды. Айтуларынша, қақаған аязда кейбірі жабық тұрады екен. Тілшіміз автобусқа отырып, аялдамаларды түгендеп шықты. 

Павлодар қаласында 12 жылы аялдама бар. Олардың ішіне жылу тартылған. Сақылдаған сары аязда көлік күткендер бой жылытсын деп салынған болатын. Алайда, біз барған Сәтбаев көшесіндегі аялдаманың есігі жабық тұр.

АМАН ЕГІНБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл аялдамаларды халықтың игілі үшін деп салғандықтан, менің ойымша, қандай уақыт болса да, халық үшін ашық болу керек.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл аялдамалардың аты жылы болғанымен, заты жылы болмай тұр. Ішіне кірсең, азынаған суық. Жылынбақ түгілі, тоңып қаласың.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жан жағынан жел гуліпдеп жатыр. Сол үшін жылы остановка керек.
- Көрген жоқпын ашық тұрғанын.

Ал Естай көшесіндегі аялдама ашық болғанымен, іші сасық болып тұр. Сол себепті адамдар мұнда кіруден жиіркенеді. Өйткені, бұл мекен түнгі уақытта ішімдікке тойғандардың панасына айналған.

АЙНҰР СӘДУАҚАСОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Біздегі 12 жылы аялдаманың төртеуі кәсіпкерлердің жеке қаражатына салынған. Оларға өздері қызмет көрсетеді. Ал қалған аялдамалар әкімдікке қарайдын. Мамандар күн сайын бақылау жүргізеді. Олардың ашық ашық еместігін де тексереді.

Қысы суық солтүстік өңірлер үшін жылы аялдамалар қажет-ақ. Алайда, әкімдіктер қолда барды ұқсата алмай отырған секілді.