$520.93 €609.07 ₽6.68
×

ЕХРО - ң ашылуына санаулы күндер қалды. Д.Трамптың кезекті «қызықты» шешімі мұнай бағасын арзандатты.

AstanaTV
03.06.2017ж. 20:00
2125
ЕХРО - ң ашылуына санаулы күндер қалды. Д.Трамптың кезекті «қызықты» шешімі мұнай бағасын арзандатты.

Президент осы аптада ЕХРО аумағын аралады. Ең алдымен көрменің басты нысаны  - «Нұр Әлем» павильонын көрді. Бұл - диаметрі 80 метр шар түрінде салынған бірегей ғимарат. Мұнда «Болашақтың энергиясы музейі»орналасқан. Елдің жетістіктері көрсетіледі. Сондай-ақ, ғарыш энергиясы залы, отандық 28 ғылыми жобамен «Жасампаз энергия» аймағы, еліміздің «Токамак» термоядролық реакторының моделітаныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев көрме кешенінің Конгресс-орталығында болып, «Шаңырақ», «Аспан» залдарын, VIP-террасаны, Концерт залын көрді.

ЕХРО-ның ашылуына санаулы күндер қалғанын айта отырып, мына жаңалықты қалай тоқталмай кетеміз? Одақтастары мен бәсекелестері АҚШ президенті Дональда Трамптың 2015 жылғы Париж климат келісімінен шығу туралы шешімін қатты сынап жатыр, - деп жазды, «Азаттық». Маусымның 1-де АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының климат бойынша Париж келісімінен шығатынын мәлімдеді.Франция, Германия, Италия басшылары бірлескен мәлімдемелерінде «Біз келісім қайта қаралмайтынын ескертеміз» деген. Франция президенті Эммануэль Макрон Трампқа телефон соғып, «ештеңенің қайта қаралмағанын» айтқан. Макрон бұдан кейін жасаған телевизиялық үндеуінде «"Б" жоспары жоқ, өйткені "Б" планетасы жоқ. Біз келісімді қайта қарамаймыз. Оны қайта қараудың жөні жоқ», - деген.

Синьхуа агенттігінің хабарлауына қарағанда, климат мәселесі бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтасуға уәде берген Қытай үкіметі де Трамптың шешімін «жаһандық дәрежедегі қателік» деп атаған. Ал, АҚШ штаттары мен қалаларының көптеген губернаторлары мен мэрлері Трамп әрекетіне қарсылық көрсетуге уәде беріп үлгерді. Олар Барак Обама ұсынған «қоршаған ортаны ластайтын өндірістік қалдықтарды қысқарту» жоспарын ары қарай жалғастыратындарын мәлімдеді.АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Альберт Гор «Трамптың бассыздығы АҚШ-тың әлемдегі беделіне нұқсан келтіріп жатыр» деп мәлімдеген.Ал Трамп өз шешімін түсіндіріп, «Мені Париж тұрғындары емес, Питтсбург тұрғындары сайлаған, мен солардың мүддесін қорғауға тиіспін» деген. Бірақ бұл сөзге Питтсбургмэрі Билл Педуто жауап беріп үлгерді. Мэр «Питтсбург 20-ғасырда болат қорыту орталығы болған шығар, бірақ қазір ол - «жасыл» қала және экологиялық-технологиялық прогреске ұмтылып отыр. Питтсбург әлеммен бірге, Париж келісімін сақтайды» деген. Педуто Трампқа Питтсбург тұрғындарының 80 пайызы Хиллари Клинтонға дауыс бергенін еске салған.Трампқа сайлау кезінде негізінен АҚШ-тың көмір өндіретін өңірлер тұрғындары дауыс берген. Трамп «Париж климат келісімі АҚШ-тағы миллиондаған тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардағы жұмысшылар мүддесіне қарсы» деп мәлімдеген.

Еуропа комиссиясы президенті Жан-Клод Юнкер АҚШ президенті Дональд Трампқа «келісімнен жай ғана шыға сала алмайтынын, оған бірнеше жыл керек болатынын ескерткенін» айтқан. Оның «АҚШ келісімнен оп-оңай шығып кете алмайды, Трамп келісімнің кейбір шарттарын білмейтін сияқты», - дегенін «Азаттық» келтіреді.

Трамптың мәлімдемесінен кейін жұмада мұнай бағасы төмендеді. «Brent» маркалі мұнайдың баррелі 50,35-ке түскен. Инвесторлар қауіптенеді – АҚШ-ң климатқа байланысты Париж келісімінен шығуы олардағы мұнай бұрғылау операцияларының артуына әкеледі деп. Ал ол, әлемдік  қара алтын нарығының «шімпілдеп» толып кетуіне апарады, деп жазды, Рейтерс агенттігі.