Біздегі урбанизация процесі туралы. Кішкене болса да «тәуірлеу өмір сүрем бе» деп, адамдар бізде де қалаларға ағылып жатыр. Бірақ. Бірақ қалаға келгенде тұратын жер де жоқ, жұмыс та жоқ. Сөйтіп, негізінен лақсасы шыққан лашықтар жалдап, нан мен суға жететін жұмыс тауып, күйзеліске толы тіршіліктерін бастайды. Тіркеуі жоқ адамдар балаларын мектепке орналастырып, дәрігерге қарала алмайды. Әріге барып неғыламыз, Астананы коммуналдық және тұрмыстық қажеттіліктердің қарапайым түрі де жоқ мекендер қоршап жатыр. Сарапшылар бұл проблеманың жасырылған мина сияқты екенін айтады. Ал «жер» және «баспана» конфликтілерінен жаман наразылық жоқ шығар. Коррупциялық жүйенің кесірінен амалдары қалмаған адамдардың өздері тұрғызып алған үйлеріне байланысты «Шаңырақ» оқиғасы жаңа заман тарихына енетін факт. Ешнәрсеге қақы жоқ адамдардың ешнәрседен аянбайтыны аян. Сондықтан хаос-урбанизация демографиялық өсімді жоққа шығарудан бастап, қылмыстың өсуі, тұрғын-үй коммуналдық саласының одан әрі тұралауынан бастап, қыл аяғы салық салуға дейінгі мың-сан проблеманы ушықтырады. Қайталап айтам, ең жаманы, бұл процестің - урбанизацияның бақыланбауы, басқарылмауы және жоспар құрылмауы.Ірі қалалардың лашықтарға толып, параллель «әлемдердің» пайда болуы неге апаратынын Бразилия жақсы көрсетіп отыр. Миллиондаған адам «Джунгли заңымен» өмір сүреді... Орал қаласының іргесіндегі саяжайлар шағын ауылға айналып барады. Қазірдің өзінде 13 мың адам жыл он екі ай тұрады. Саяжай аталғанымен адамдардың тұрақты мекеніне айналған. Ауылдағы үйін арзанға сатқан адамдар саяжайдан жер алады. Содан жиған-тергеніне үй салады. Үлкен бейнетпен салған баспанасына газ бен су өткізе алмай, «қу жоқшылық» деп әжімі тереңдегендері аз емес... Халық тығыз қоныстанған аймақтардан жұмыс күші жетпей жатқан өңірлерге адам көшіру бағдарламасы бар. Бірақ ол проблеманы шешудің бір тармағы ғана.
Гүлжан қалаға он екі жыл бұрын көшіп келіпті. Бірақ суына дейін сатулы қала өмірі ауылдықтар үшін жерұйық еместігін кейін түсінді. Содан қолда бар ақшасына Оралдың түбіндегі саяжайдан жер сатып алды. Банкке қарызданып үй тұрғызды. Айлығы шайлығына әзер жететін көп балалы отбасының бұл үйі әлі салынып бітпеді - қазір екі бөлмесінде тұрып жатыр. Әлі газ өткізу керек, су жүргізу керек, үйінің іші-сыртын жөндеп бітіру керек, одан қалды бала-шағаның қамы тағы бар. Тірлікке «керектің» бәрін түгендеу үшін әлі бірнеше миллиондай ақша керек.
Гүлжан Әбілқасымова, саяжай тұрғыны:
Қалаға келгенде күшті тұратын шығармыз деп ойладық. Бейнеттеніп үй салып жатырмыз, бірақ газымызды кіргізе алмай отырмыз. 650 мыңға шығып тұр газымыз үйге кіргізуге. Соның тым болмаса 300 мың теңгесіндей төлейтін етіп берсе, басқа ештеме де керек емес маған. 25 мыңдай кредит төлеймін айына. Жолдасым күзетші болып істейді. Жалақысы 35 мың теңге. Мен бес бала үшін 22 мың теңге аламын. Басқа ешқандай кіріс жоқ.
Қазір Орал қаласындағы 165 саяжай қоғамының 17 мыңдай мүшесі бар. Бірақ оларды екі топқа жіктеген жөн. Алғашқысы - саяжайын жазғы қоныс ретінде ғана мекендеп, бау-бақшасын баптайтын байырғы қалалықтар. Ал екінші топ - Гүлжан секілді тұрмыс тауқыметімен қалаға бас сауғалағандар. Қазір саяжайдан гөрі ауылға көбірек ұқсайтын бұл аумақта 13 мың адам тұрады. Олардың қатары жыл санап көбейіп келеді.
Сәбира Серікжанова, әлеуметтанушы:
Бұл тек Қазақстанға ғана тән емес. Бұл бүкіл әлемдегі болып жатқан ең маңызды үрдістердің бірі болып табылады. Қазір әлем халқының жартысы қалада өмір сүреді. Яғни мамандардың болжамы бойынша бұл пайыз одан арман өсе береді, өсе береді. Болашақта әлемнің халқы қалада өмір сүреді деген болжам бар. Бірақ дамушы елдерде урбанизация үрдісіне қала үлгірмей жатады. Әлпеуметтік инфрақұрылым, су, газ, электр энергиясына тапшылық болып жатады. Яғни қала өзіне тап болған жүктемені көтере алмай жатады.
Болат Тәжмұқанов, Орал қалалық саяжайлар қоғамының төрағасы:
Басқа тұрмыстық жағдайлары болмағандықтан, көбі сол жақта тұрып жатыр. Үй ретінде пайдаланады. Жазда да, қыста да тұрады. Жаңадан үй салып жатқандары да бар. Қазіргі уақытта бір жақсысы - дачаларға газ өткізіп жатыр. Газ құбыры тартылды. Оларды тіркеуге алады, бірақ именно саяжай, саяжайға берілген жер деп көрсетіп қояды.
Еркін Карин, тілші:
Бірақ саяжайлар өзеннің су басуы мүмкін сағасында орналасқан. Сондықтан, жеке үй ретінде есепке алынбайды. Әрі жергілікті әкімдік үшін бұл жерді дамытып, инфрақұрылым жүргізу - басы артық шығын. Дәл осы себеппен саяжайлар қаланың бас жоспарына да енгізілмейді. Демек мектеп пен балабақша, аурухана салынбайды. Қазір тұрғындар көктемде балшыққа малтығып, қыста қарды омбылап, жаяу-жалпы қалаға қатынап жүр.
Саяжайдағылар қалаға өздері көшсе, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы 60 үйді жергілікті билік өзі көшіріп алды. «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы бойынша тұрмысы төмен 60 отбасы облыстың әр түкпірінен таңдалған. Мұндағы мақсат – азып-тозған ауыл тұрғындарына жаңа үй беріп, жақсы жұмысқа кіргізіп, жағдайын жасау еді. Бірақ игі бастама қайырсыз болды. Өйткені көшіп келгендерге тәуір қызмет табылмады. Әрі мемлекет тегін берді деген үйге ай сайын ақы төлеп, кейін қомақты қаржыға сатып алуы керек болып шықты. Үлкен үміт жетегімен келген жаңа мекенде жігері құм болған көршілерін қазір ауылдың байырғы тұрғындары «60 үй» деп атап кеткен.
Асан Төреғалиев, Бөрлі ауылының тұрғыны:
Ауылда малымды саттым, машинамды саттым. Көшіп келдім. Енді қайта алмай отырмын. Баратын үй жоқ, сатып жібердім, мал жоқ, жұмыс жоқ. Ауылда хозяйкам школда жұмыс істеді. Машинамен таксовать еттім. Ескі болса да, УАЗИК-н Орал мен екі ортада. Енді қазір жұмыс жоқ отырмыз. Атырауға бардым, Теңізге бардым. Одан зарплат бермейді, қайтып келдім, былтыр.
Урбанизациядан туатын проблемаларды шешудің бір жолы - халқы аз өңірлерге халқы тығыз орналасқан аймақтардан адам көшіру. Қазір үкімет облыстардағы тепе-теңдікті осылай реттеуге кірісті. Риддерді екінші жыл қыстаған Мұхит Төлегеновтың отбасы да осы көштің алғашқы легімен келіпті. Осында баспаналы болды, балаларына балабақша мен мектептен орын табылды, жұбайы екеуі де қызметте қазір.
Сейітхандар отбасы, Риддер қаласының тұрғындары:
Риддер қаласы өте ұнады, тамаша. Табиғаты керемет. Халқы ұнады. Жылы қарсы алып ждатыр. Риддер енді біздің екінші үйіміз, осында өсіп-өнеміз, бұйырса.
Әйтсе де адамдарды қоныстандыру бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға Шығыс Қазақстанға 2 млрдтан астам теңге керек екен. Қазір көшіп келушілер тұратын 6 көпқабатты үйдің құжаттары дайындалды. Егер қаржы мәселесі шешілсе, Риддерде маман тапшылығы азаяды. Себебі мұнда 200-ден астам бос жұмыс орны бар.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын құп алып, теріскейге көшіп келгендерге де қаржылай қолдау қарастырылған. Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының Ленин ауылына бірден 13 отбасы көшіп барды. Бір жағынан маман тапшылығы шешілсе, екіншіден халқы азайып бара жатқан ауылға қайтадан қан жүгірді. Жер өңдеу саласының шебері Рамазан Хияров келмей жатып, солтүстіктің шұрайлы топырағында көкөніс өсіруді қолға алды.
Рамазан Хияров, шаруа:
Картоп, аскөк, ақжелек сынды көкөніс пен шөп түрлерін отырғыздық. Зерттеу жүргізіп көреміз. Өскен көкөністің алқабын арттырамыз. Шыққан өнімнің басым бөлігін ауданға немесе қалаға тасып, сатамыз. Бұл жердің құнарлығы жақсы. Көп нәрсе өсіруге болады.
Ал Леджер Харки имам Алматыда Ислам университетін тәмамдаған. Алла тағалаға табынатын үй салмақшы. Игі жобаны іске асыруға демеушілер де табыла кетті.
Леджер Харки, имам:
Біз осында көшер алдында, келіп үйді таңдап алдық. Үйді жиһазбен бірге іздедім. Кейін мына үй таптым. Содан жұбайым мен екі баламды көшірдім. Енді өз жұмысыма кірісетін ойым бар.
Көшуге ниетті жандардың қатары қалың болғасын, жергілікті билік өкілдері биыл квота санын ұлғайтты. Былтыр теріскейге 102 отбасы көшіп келсе, биыл 123 жанұя қоныс аудармақ. Қазір бағдарламаның ережелері де сәл өзгерді. Шенеуніктер жаңа баспанамен қамтымаса да, үй жалдауға көмектеспек. Былтыр оңтүстікқазақстандық 146 отбасының көбісі Солтүстік Қазақстанға көшіп барған. Жыл соңына дейін тағы 600-дей шаңырақ көшеміз деп жүгін буып-түйіп отыр.
Алмагүл Рамазанова, СҚО Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
Бұдан былай, қоныс аударған отбасының әр мүшесіне көшу жұмыстарына 79 мың теңге бөлінеді. СОндай-ақ, осында үй жалдауға жарты жылға дейін ай сайын 40 мың теңгеден беріледі. Біз қазір басқа да ауылдарды қарап жатырмыз.
Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
Былтырғы мамырдан биылға мамырға дейін Шымкентке 136 мың адам көшіп келді. Нақтырақ айтсақ,136889 адам. Былтыр үй кезегінде 21 мың 200 адам тұрған болса, биыл 29 мың адам. Ал жер кезегінде тұрған адамдарымыз былтыр 65 мың адам болса, биыл 69 мыңға көбейіп отыр.
Ал Орал маңындағы саяжайда тұратын Гүлжан үйін бітіріп, газ кіргізіп алса да, ол жерде ешқашан балабақша, мектеп, емхана салынбайды. Бірақ Гүлжанның өміріне қызығып, "біртіндеп болады ғой" дейтіндердің де өте көп екеніне күмән жоқ....
Еркін
Карин, Абзал Құрманкин, Айзада Төребекқызы және Ирина Якунина, «Біздің уақыт».