$516.85 €537.68 ₽5.26
×

Павлодарлық мұғалім оқушыға үшкір зат тығып алған

AstanaTV
28.01.2025ж. 06:19
76
Павлодарлық мұғалім оқушыға үшкір зат тығып алған

Павлодарда мұғалім тақтада есеп шығарып тұрған оқушыға бұранда тығып алған, деп хабарлады Stan.kz.

Оқиға сыныптағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Павлодардың білім бөлімі оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

"Тоғызыншы сыныпта алгебра сабағында математика пәнінің мұғалімі тақтада тұрған оқушының жанынан өтіп бара жатып, оны белгісіз затпен нұқып жіберген. Мұғалімнің бұл әрекеті бақылау камерасына түсіп қалған. Видеода мұғалімнің шкаф бұрандасын шығарып алып, бұранданы оқушыға тығып алғанын көруге болады", – деп түсіндірді Павлодар қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Қыдралин.

Оның айтуынша, медбике мектеп оқушысын тексерген, алайда бұранданың ізін таппаған.

"Баланы жедел жәрдем бригадасы да тексеріп, ешқандай жарақат анықтай алмады. Ата-анасына облыстық балалар ауруханасына сіреспеге қарсы екпе жасату ұсынылды, бірақ ата-анасы жеке емханаға барамыз деп бас тартты. Мұғалім оқушының ата-анасынан кешірім сұрады", – деді Қыдралин.

Оқушының туыстары мұғалім балаға ине шаншып алған деп есептейді.

“Інім мектептен келген соң, мұғалім математика сабағында тақтаға шығарып, ол есеп шығарып жатқанда арқасынан ине тығып алғанын айтты. Осының бәрі камераға түсіп қалған", – деді мектеп оқушысының әпкесі.

Білім басқармасының қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын айтты.

Артынша мұғалімнің жұмыстан босатылғаны белгілі болды

"Мектеп басшылығы оқушыға қатысты заңсыз әрекетке барған мұғаліммен еңбек шартын бұзды", – деп жазды мектеп директоры Гүлмира Ниязбекова желідегі парақшасында.