$516.85 €537.68 ₽5.26
×

«У шашатын енелер көп»: Танымал коучтің сөзі желіні шулатты

AstanaTV
28.01.2025ж. 07:28
71
«У шашатын енелер көп»: Танымал коучтің сөзі желіні шулатты

Танымал коуч әрі блогер Роза Әшірбаева келіндерді мінезі нашар енемен бірге тұрмауға шақырды, деп хабарлады Massaget.kz.

Танымал коуч бұл жайлы өзінің Instagram-парақшасында айтты.

"Токсик енемен бірге тұруға болмайды. Қатқан нан жесең де, қара су ішсең де, олай өмір сүруге болмайды. Бұл сенің өміріңді құртады. Ең жас, гүлденген өміріңнің кезеңін бір есерсоқ адамның нашар мінезіне бола босқа өткізіп аласың. 15-20 жыл өмірің жоқ болады. 15-20 жыл өміріңді біреудің улы тіліне арнама. Бұл сенің өмірің. Өмірде токсик адамдар көп. Қазақ жасы үлкен деп қаншама қуып кеткен үлкен кісілерді де сыйлайды", - дейді коуч видеода.

Коуч бұл мәлімдемесінен соң оны қолдағандар да, оған қарсы шыққандар да көп болғанын жазды.

"Енелерінен психологиялық зәбір, экономикалық қысым көріп, абыройын жер қылатын сөздер естіп, бір күні екінші күніне ұқсас шарасыз келіндерден хат келсе… Екінші жағы мені табалап, қарғап, токсик енемен тұрма, жаныңды сақта дегеніме ренжіп жатыр. Токсик келіндер бар ма? Әрине, бұл өмірде уын шашатын адамдар көп. Енем мені қонақтардың алдында мазақ қылады, көңілін табу мүмкін емес, жасы 70-ке келсе де қанымды қасықтап ішеді деген хикаялар басымырақ. Бұл дегеніміз - у шашатын енелер саны әлдеқайда көп", - деп жазды Роза Әшірбаева.

Коуч бір-бірін сыйлап, ене мен келіндер бірге тату тұратын отбасылар да баршылық екенін айта кетті.

"Отбасы болу - "уланып", қиналып бір үйде тұру емес. Отбасы болу - бір-біріңмен рахаттана тұрғың келу. Сыйласып, келісіп, үлкенге - құрмет, кішіге - ізет көрсетіп тұрып жатқан отбасылар баршылық. Келін - ененің жеке меншік құлы емес екенін түсінген отбасыларда береке мен бақыт мол екеніне келісесіз бе? Ене - екінші анаң деген түсінік қате. Заң алдында да, ененің ешқандай туыстық қатынасы жоқ. Әйелге заң алдында тек ата-анасы, бауырлары, заңды күйеуі, бала-шағасы ғана туыс болып есептеледі. Ене - бөтен адам, осыны түсіну керек. Қазақта енені тек жан-жарымның анасы деп сыйлаған. Осы түсініктен тайқымайық. Келінді ұлымның таңдауы, сүйіктісі деп сыйлаған ененің абыройы жоғары, құрметі жоғары. Ондай ене - алтын", - деді ол.