Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Ни ісі» бойынша Бас прокурордың пайымы. Өрені өсіретін кітаптарды полицейлер де оқыса...

AstanaTV
03.06.2017ж. 20:00
1930
«Ни ісі» бойынша Бас прокурордың пайымы. Өрені өсіретін кітаптарды полицейлер де оқыса...

Қоймай, айта береді екен демеңіздер – тағы да «Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті Василий Нидің жазаланбауы туралы. Ол 1 миллион доллар пара алса да, түрмеге де отырған жоқ, айыппұл да төлемеді. Бұл жайт жұрттың наразылығын туғызды. Ел ащы күлді. Темаға оралғанымыз – осы аптада Бас прокурор комментарий берді. Жақып Асанов жұрттың наразы болып, шулауын «жақсы» деп бағалады. Судьялардың айтқандарын қайталамайтынын айта келе, бұл жағдайға басқа қырынан қарауға шақырады.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

 Бұл іске орай жұрттың шулап кетуі жақсы десем, сіздер таңғалатын шығарсыздар. Жоқ, қақас естіп тұрған жоқсыздар. Бұл біздің қоғамның есейіп келе жатқанын көрсетеді. Бейжайлық азайып барады. Әлеуметтік белсенділік артып келеді. Екінші жағынан, мемлекеттік органдар, оның ішінде соттар ашық жұмыс істей бастады. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін емес еді. Себебі барлығы жабық болатын, ешкім ешнәрсе білмейтін. 

Жақып Асанов кіршіксіз заң болмайды дейді. Ешбір елде. Сөйтіп, философиялық байламын жеткізді. 

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Заңнан өмір ақылдырақ. Естеріңізде ме, 2-3 жыл бұрын есірген бір жігіттің көлігімен адам қағып, өлтіргені. Марқұмның туыстары кешірді. Қылмыстық іс тоқтатылды. Неге? Себебі Қылмыстық кодекстің 68-бабы істі тоқтатуға міндеттейтін. Бірақ қоғам келіспеді. Ақырында парламент бұл бапты өзгертті. Егер әлгі тип адамды қазір қақса, міндетті түрде түрмеге отыратын еді. 

Бас прокурордың Мақсат Үсеновті еске алып тұрғаны түсінікті. Ал Василий Ниге байланысты судья Қылмыстық кодекстің 65-бабын қолданған. «Кінәлінің кінәсін толық мойындап, оны ашуға көмектесіп» деп келетін. Бір мән беретін деталь - Ж.Асанов, шешім шығаруда судьяның ар-ұятына да сүйенетінін айтты. 

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Судья заңнан бөлек, ішкі сеніміне, ар-ұятына арқа сүйейді. Бұл соттың қақысы. Ешкім сотты заң бұзды деп айта алмайды. Істі қараған судья, барлық тарапты тыңдап, 65-бапқа сүйеніп, осындай шешім шығарған. Олар кінәлі деп танылды, айыптау шешімі шықты. Бірақ жазадан босатылды.

Жақып Асанов, 68-бап сияқты, 65- бапты да өзгерту керек деп санайды.Тиісінше, Бас прокуратура Василий Ниді жазадан «құтқарған» 65-бапты өзгерту туралы Парламентке ұсыныс жасайды. 

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

65- статью мы тоже должны изменить. Не должна эта статья, это мое личное мнение, применяться за такого рода преступления.

Тағы бір тоқталғым келетін деталь – Бас прокурор әрбір прокурор оқуы міндет 20 кітап барын айтты. Осыдан біршама уақыт бұрын ол қол астындағыларды өзін-өзі дамытатын еңбектер оқуға үндеген еді. Ж.Асановтың айтуынша, мереке, туған күнге прокурорлар бір-біріне ...кітап сыйлайтын дәстүр пайда болыпты.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Туған күн, мерекелерде біз бір-бірімізге кітап сыйлаймыз. 20 кітап бар, әрбір прокурор оқып шығуы керек. Стивен КОВИ, Джим КОЛЛИНЗ, АБАЙ, ӘУЭЗОВ, Илон МАСК, Стив ДЖОБС. Адам ұмтылып, өсем десе, оқу керек. 

Прокурорлардың өрені өсіретін кітап оқып бастағаны шын болса, тек «тамаша» дейміз. Зердені дамытуды полицейлер де бастаса деп қосамыз... Қостанай облысы, Қарабалық аудандық соты экс-полицей Ермек Исановты 4 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Ақпан айындағы сот үкіміне сәйкес, ол 5 млн 590 мыңға жуық теңге айыппұлды бір айдың ішінде төлеу керек еді. Алайда пара алды деп айыпталған полицей белгіленген мерзімде 800 мың теңге ғана тапқан көрінеді. 27 жастағы Исанов айыппұлды толық төлей алмайтынын айтып, бұған дейін тағайындалған жазаны, яғни айыппұлдыбас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрапты. Түрмеге сұранған...

Еске салайын, жол-патрульдік полиция батальонының бұрынғы қызметкерлері Арман Көпжасаров пен Ермек Исанов «Рубеж» бекетінде пара алғандары үшін жауапқа тартылған еді. Ал үшінші фигурант - көші-қон полициясының бұрынғы қызметкері Алмат Қабенов кінәсін мүлдем мойындамаса да, «пара алуға болысу» бабы бойынша 5 миллионнан астам айыппұл төлеуге міндеттелген. Арман Көпжасаров 7 млн, Алмат Қабенов 5 млн теңге айыппұлды дер кезінде төлеп, бостандықта қалды. Ал, ақша таба алмаған Ермек енді алдағы 4 жыл 9 айын түрмеде өткізеді.

Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметкері:

Қарабалық аудандық сотының қаулысымен айыппұл түріндегі жаза нақты бас бостандығынан  айыру түріне алмастырылып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Рақымшылық актісін қолдану арқылы 4 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сотталушы сот залында тұтқындалды. Алайда сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Біз бұл іске ақпан айында тоқталғанбыз. Назар аударғанымыз, «сабақ алсын» деп сот отырысына апарылған полицейлер, сот үкімін естіп, тасырлата қол соққан еді. Әріптестерінің түрмеген тоғытылмағанына қуанғандарын жасыра алмай. Әйтсе де олардың бірі айыппұлды төлей алмай, ақыры отырмақ. Тілшіміз оның адвокатына телефон соққан, «комментарий бермеймін» деді. Бостандықтан қадірлі не бар? Адам үшін ең құнды дүниенің бірі емес пе? Ермектің «соттай беріңдер» дегені біртүрлі, неше түрлі ойға жетелейді...