Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Исаактың арманы орындалса екен! 1-маусым Балаларды қорғау күні.

AstanaTV
03.06.2017ж. 20:00
3266
Исаактың арманы орындалса екен! 1-маусым Балаларды қорғау күні.

Биыл елімізде 40 адам суға кеткен, оның жартысы балалар. Былтыр масқара, 124 бала суға ағып кеткен. 50-ден аса өзен-көл бар Батыс Қазақстан облысында соңғы 10 жылда 328 адам, оның 78-і бала, судан шыға алмай қалған, - деген дерек дір еткізеді. Бір қауым ел. 1-маусымға, балаларды қорғау күніне орай айтатын әңгіме көп. Қараусыз қалдыратынымыздан бастап, зорлық-зомбылыққа дейін. Ашқұрсақ жүретін балалардың аз еместігінен бастап, ауыр науқасқа шалдыққандарға ақша жетпейтініне дейін. Ауыл мен қала балаларына берілетін мүмкіндіктердің әр түрлілігінен бастап, нақты өмірге дайындамайтынымызға дейін. Әйтеуір көп. 

Алайда олар біздің өміріміздің мағынасын арттырып, алға жетелейтін қозғаушы күш. Олардың тыным таппай, «неге, неге?» деген сауал қоя беретіндеріне қуануымыз керек. Себебі саналы елгезектен бірнәрсе шығады. Оған ешнәрсе кедергі емес. Тараздық оқушы Исаак Мустопуло туралы естіген де шығарсыздар. Церебралды параличпен ауыратын ол, кәдімгі орта мектепке барады, қатарластарынан қалмағаныңыз не, астрофизикамен айналысады. «Басқалармен бірге мектепке бару, олар сияқты қосымша курстарға қатысу, өзгелерден қалып қоймауға ықпалдасады. Мектеп атмосферасын сезіну, ритмде болу – өте маңызды. Сыныптастарымнан қалмау үшін мен көп оқимын, өзімді дамытуға тырысамын. Болашаққа байланысты идеям көп». Исаак бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында ылғи осылай айтады. Ал бір арманы - әлемге әйгілі британдық оқымысты, физик-теоретик Стивен Хокингпен кездесу. Исаак «Үйлесімділік теориясы» деген еңбек жазған. Табиғаттағы материялар мен антиматериялардың өзара қабысуы мен олар байланысқа түскеннен кейін босап шығатын көлемі зор энергия туралы. Былтыр мектеп оқушылары арасындағы ұлттық конкурста арнайы жүлде алды. Грамотасын алғанда арманын айтқан. Жоғары шенділер кездестіруге уәде берген. Дәлірегі – Әсет Исекешев. Бірақ орындалмай тұр. Анасы телефон арқылы былай деді:

Мая Мустопуло, Исаактың анасы:

Бұл кездесуді ұйымдастыруды Британ кеңесі «Эйр Астана» компаниясымен бірге қолға алған. Біздің сапарымыздың басты демеушілері солар. Екі тарап Стивен Хокинге баланың арманы туралы хат жазған. Ол келісті. Бірақ нақты қай күні екені белгіленген жоқ. Бізге «мүмкін күзде» деді. Хокингтің бос уақыты болған кезде. Бәрі жақсы болса, кездесеміз деп ойлаймын.

Иә, Исаак астрофизикамен де, физикамен де айналысады. Басқа да ғылымдарға ден қойып жатыр. Шын мәнінде оны ғарыш қызықтырады. Соның бір тармағы ретінде астрофизикамен шұғылданады.

Стивен Хокинг те астрофизикамен шұғылданады. Оксфорд, Кембридж университеттерін бітірген. Космостағы «Қара ойық» теориясына орай көптеген жаңалық ашқан. Ол да арбаға таңылған, айналасымен арнайы синтезатор арқылы байланысқа шығады. 1960 жылы онда амиотрофикалық склероз ауруының белгілері байқала бастайды. Дәрігерлер көп болса екі жарым жыл өмір сүресің дейді. Әйтсе де ауру жылдам дамымайды. 1985 жылы ол өкпесі қабынып, операция жасатады. Сөйтіп сөйлей алмай қалады. Стивеннің жақ бұлшық еттері ғана қозғалады. Жағына орнатылған датчик арқылы компьютерді басқарады. Компьютер қоршаған ортамен байланыстырады. Хокинг арнайы ұшақта салмақсыздықты сезініп көрген. Алайда космосқа ұшу арманы орындалмай қалды... Исаактың оны көру арманы орындалса екен.

Қатпарлары көп ғой. Неше түрлі факторлар да бар. Бірақ бала тәрбиесінде бізге үйренетін нәрсе көп-ау. Мәселе астрофизик болуда емес...