Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысында саннан гөрі сапаға мән беру туралы тапсырмасын сала мамандары қолдап отыр. Сонда ғана қазына қаржысын текке шығындамай, орнымен жұмсауға болады, дейді. Мысалы, жаңадан бой көтерген үйлерде қоныс тойын тойлаған тұрғындар пәтерін қайтадан жөндеуге мәжбүр. Өйткені уақыт өте келе көпқабатты ғимараттардың жылу, ауыз су жүйесі, өзге де желілері дұрыс жүргізілмегені, тіпті есік-терезесінің де ақауы бары анықталып жатады. Мұның бәріне- асығыстық себеп. Сондықтан сапалы үйлерді көбейтуге ден қоюымыз керек, дейді мамандар.
ВАЛЕНТИНА МИХНО, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ, ҚР ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ:
Президенттің тұрғын үй сапасына мән беру туралы тапсырмасын қолдаймын. Өйткені өз басым шала салынып біткен үйлерді пайдалануға беруге бұған дейін қарсы болып келдім. Себебі бекітілген жоспарға үлгіру үшін үйлерді тез салады, ал сапасына көңіліміз толмайтыны жасырын емес. Сондықтан осы саланың маманы ретінде саннан гөрі сапаға ден қою керек дер едім.