Атырауда денсаулық сақтау және білім беру саласында «Әлеуметтік әмиян» сервисі жұмыс істейді. Мәселен, азаматтарға тиісті дәрі-дәрмектерді беруде заңсыз айналымды, бұрмалауды болдырмай, тікелей жетуіне көмектеседі. Өңірде былтыр 145 мыңға жуық рецепттегі дәрі-дәрмек электронды түрде берілді. Ал биылдан бастап 14 мыңға жуық дәрілік зат «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы босатылуда.
ЖАНАТ ТАСТАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осы емханада қан қысымымен есепте тұрмын. Жақсы дәрілерімді мезгілімен алып отырмын ай сайын. Қазір ұялы телефонмен 1414-тен хабарлама келеді дәрігердің жіберген дәрілері. Қарап отырамын. Сол арқылы камераға тіркеліп аламыз.
Балаларды ыстық тамақпен қамтуда да солай. Әр ата-анаға ұл-қызының ыстық тамақ ішкендігі туралы хабарлама келеді. Өңірде 227 мектептің 70 мыңға жуық оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл үшін жылына бюджеттен 6,6 млрд теңге қаржы бөлінеді. 1 оқушыны тамақтандыру құны - 600 теңге шамасы. Әлеуметтік әмиянды бақылау үшін «Алақан» жобасы енгізілген. Ол 119 мектепке орнатылды. Болашақта балабақшаларға берілетін тапсырысты ваучерлік жүйеге айналдыруды көздеп отыр.
МАРАТ ӘБУОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жоба бұрынғы жобаларға қарағанда тиімділігі бұл қолын ешқайда тигізбей, алақанға соғу арқылы асханалардағы аппараттармен интеграция жасалған. Сол себептен сіздің балаңыз тамақ ішкен болатын болса, ол алақанға соққан бойда, ата-анасына сіздің балаңыз тамақ ішті деген хабарламасы келеді.