Қосымша құн салығының мөлшері артуы мүмкін. Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай ұсыныс айтылды. Бұл бастама бюджетке жыл сайын шамамен 5-7 трлн теңге көлемінде қаржы әкелуге мүмкіндік береді дейді жауаптылар.
Қосымша құн салығын көтеру электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, жол, газ тасымалдау жүйесінің дамуына септігін тигізеді. Өйткені салықтан түскен қаражат экономикалық өсуді ынталандыру шараларына, ірі инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бұл әлемде бар үрдіс. Бұл жерде барлық тараптың пікірі ескеріледі. Бірақ қосымша құн салығын көтеру арқылы бюджеттің бүйірін толтыруды көздеп отырған жоқпыз, керісінше бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өркендеуіне жол ашылады деп есептейміз.
Сарапшылар қосымша құн салығының мөлшерін көтеру азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына әкелмейді дейді.
ДІНМҰХАММЕД ҒАЛИ, ҚЭЗИ МОНИТОРИНГТІК ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қосымша құн салығы көбейгенімен, фонд оплаты труда 10 процентке азаятынын көріп отырмыз. Сондықтан экономикалық тепе-теңдік сақталады деген сенімдемін.
Үкімет қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынады. Қазір бұл меже - 78 миллион теңге.
ЖАНАР ҚАДЫРБЕК, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Бұл тұрғыда орта және шағын бизнеске қосымша құн салығын әкімшілендіруді оңтайландыру бойынша жұмысты қолға алу керек. Реформа кешенді және салық жүйесіндегі құрылымды мәселелерді шешуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Үкіметтің ұсынысын қолдады. Дегенмен бұл мәселені әлі де мұқият пысықтау қажет екенін айтты.