$519.28 €540.05 ₽5.31
×

«Еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті толық орындалған жоқ», – Президент

28.01.2025ж. 20:00
190
«Еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті толық орындалған жоқ», – Президент

"Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады". Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді. Президент шоу-бизнес өкілдері мен өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоя бастағанын айтты. Бұл ақылға сыймайды деген Тоқаев мін айтқыштардың арасында депутаттардың да барын жасырмады. Сан саладағы өзекті мәселер жіпке тізілген жиында тағы не талқыланды? Ел басшысының сынына ұшыраған Үкімет мүшелері мен әкімдер олқылықтың орнын жоя ала ма? Толығырақ әріптесім Аружан Задабек жалғастырады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен жылды қорытындылаумен басталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің жұмысына баға беріп, шешілмеген түйіткілдің әлі де көп екенін ашық айтты. Нақты тапсырма берді. Бірінші кезекте Жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек өзекті мәселелерді шешуге жұмсауды шегеледі. Бір сөзбен айтқанда көрпеге қарай көсілетін уақыт келді.

Өткен жылға өкпе жоқ. Алғысөзін осылай бастаған Мемлекет басшысы сыртқы ахуал күрделі болса да, жақсы нәтиже барын айтты. Президент қоғамда дәл қазір қызу талқыланып жатқан тақырыптарды да тасада қалдырмады. Соңғы кездері өз елін мазақ қылатындар көбейіп кетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе.

Экономика 4,8 процентке өскен. Ең үздік қорытынды көрсеткен өңірлер - Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облысы мен Астана және Шымкент қаласы. Ал Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында жағдай мәз емес. Даму көрсеткіші бәсең.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс.

Экономиканы дамыту үшін инвестиция тарту маңызды. Мемлекет басшысы мұны әр сөзінде шегелеп өтеді. Сонда да нәтиже байқалар емес. Үкімет басы артық бюрократиядан арыла алмай келеді. Былтыр 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 процентке кем.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Отандық кәсіпорындар негізгі сұраныстың 40 пайызын ғана өтей алады. Үкімет жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін жолға қоюға тиіс.

Бізде көрікті жер көп. Шетелден келген туристер елдегі қайталанбас қорықтарды аралауды армандайды. Бірақ қолда бар алтынның қадірін түсініп тұрғанымыз шамалы! Президент оны дамыту үшін жағдайымыз жеткіліксіз дейді. Сондықтан бұл салаға да жеке инвесторларды тарту маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер.

Қай салаға болмасын өз ісін жіті меңгерген маман қажет. Туризмді былай қойғанда, аймақтағы коммуналдық шаруашылық басшылары кәсіби қызметкерлер емес. Бірі заңгер, енді бірі гуманитарлық сала өкілі.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Экономикалық дамудың негізі болып табылатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер мен инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді.

Үкімет алдындағы тағы бір міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа көшіру қажет. Президент бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн.

Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет. Сондықтан Мемлекет басшысы алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездетуді тапсырды. Ол үшін алдымен қолайлы жер табуды міндеттеді.

НҰРЛАН ЖАҚЫПОВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫ:

2032 жылға дейін Самұрық-Энерго 4,7 ГВт көмір генерациясын енгізеді. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жобаның тапсырыс берушісі ретінде атом электр станцияларын салу жөніндегі консорциумда бас оператор болады.

Елімізде жаңа әрі қатаң бюджет ережелері екі жыл бұрын қолданысқа енгізілді. Бірақ жүйенің жұмыс істеп тұрғанына күмән бар. Мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. Үкіметтің Ұлттық қорға қол жаюы - осының дәлелі. Президент сол үшін Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, депутаттар мен сарапшылар мұқият талқылау керек деді.

Тұрғындар 4 жылдан бері әкімдерді тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Содан бері екі жарым мыңнан аса басшы тағайындалды. Бұл да Президенттің сол кездегі тапсырмасы еді. Енді Мемлекет басшысы «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды жүктеп отыр. Тоқаев ол үшін «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн дейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн.

Қазір халықты ұлттық валютаның жәйі алаңдатып отыр. Құбылып тұрған теңге туралы сұрақ көп. Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасына ең алдымен осы мәселені реттеуді тапсырды.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өткен жылы валюта нарығына доллардың жаһандық нығаюы, геосаяси шиеленістің сақталуы, негізгі экспорттық позицияларға бағалардың құбылмалылығы әсер етті. Ел ішінде валютаға сұраныс артты.

Бұдан бөлек, жиында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы, банктегі ереже, кредит саясаты туралы сөз қозғалды. Жұмысшы мамандықтар жылында берілетін мүмкіндіктер туралы да айтылды. Тиісті тапсырма берілді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Президент алдағы бес жылда ауқымды міндеттерді орындауды тапсырды. Ол үшін білікті, ел мүддесін ойлайтын, отаншыл кадрлар қажет. Демек, Сізбен біздің бірлескен жұмыс - қордаланған пробеламларды алдын-алуы мүмкін.