$501.28 €526.19 ₽5.86
×

«Көзіме еріксіз жас келеді»: Депутатты кім жылатты?

29.01.2025ж. 20:00
257
«Көзіме еріксіз жас келеді»: Депутатты кім жылатты?

«Көзіме еріксіз жас келеді». Мәжілісте көңілі босаған депутат ауылдардың жойылып бара жатқанына алаңдайды. Соңғы бес жылда мыңнан аса елдімекен қаңырап бос қалған. Тұрғындардың жаппай қала кезуіне туған жердегі қолайсыз жағдай себеп болды дейді Зайытов. Шалғайда не сапалы медицина, не тұрақты жұмыс пен табыс жоқ. Керек десең, қарапайым интернеттің өзі арманға айналған. Салдарынан қанша ауыл «мүжілген сүйектей» мүшкіл халге жетіп, жабылып қалғанын айтады. 

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика.

Ал депутат Темір Қырықбаевты мектептердің жай-күйі алаңдатады. Түркістан облысында мыңнан астам мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қақты. Өңірдегі білім ошақтары заманауи талаптарға сай келмейді, тіпті, қирауға жақын. Бұл балалардың білім алуына кедергі келтіріп отыр. 

ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы 3 жылда еліміздегі 1300 мектепті жаңғырту жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл шешім – білім беру сапасын жақсартуға және мектептердің инфрақұрылымын жаңартуға арналған бастама. Осы ретте, аталған жоба аясында Түркістан облысындағы мектептердің жай-күйіне ерекше көңіл бөлу қажет.