Атырау қаласының іргесіндегі Мирас ықшамауданының халқы уәдесін орындамай отырған аймақ атқамінерлеріне өкпелі. Соңғы жылдары толассыз жауған жаңбырдан жерасты суы көтеріліп, үйлері құлап, ауласын кәріз суы басқан ашулы халық биыл да дәл сол жағдай қайталана ма деп уайымдайды. Кәріз жүйесін жүргізуге уәде берген жауаптылардың жұмысы сағызша созылғанын айтады.
Жаңбыр суы ғана емес, кәріз суына батып отырмыз. Іргетасы үгітіліп, үйіміз құлап жатыр,- деп жерасты суының көтерілуінен қиындық көрген «Мирас» ықшамауданы халқы былтыр төтенше жағдай жариялауды сұраған. Айтуларынша, атқамінерлер алғашында кәріз суын уақытында сормаған, өздерің кінәлі деп, қолдарын сілтеген. Кейін гидрогеологтардың уәжінен соң мәселеге үңіліп, уақытша ине сүзгісін орнатқан. Ақжағалылар мәселені шешудің орнына, ауыл белсенділерінің соңына шам алып түсіп, үйіне іздеп келуді шығарыпты.
АСХАТ ҚҰТТЫБАЕВ, МИРАС ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
70 скважина қондырылады,- деді сол кезде. 38 иглафильтр қондырылады деді. Су деңгейін түсіру үшін. Сол кезде иглафильтрдің 15 шақтысы қондырылды. Сол кезде қазған 28 скважина дайын тұрған скважинаға техника бөлінбей жатыр, вакуум бөлінбей жатыр. Уәде ешқандай орындалып жатқан жоқ. Кұр уәде. Жиналыс жасайды, айтады кетеді.
ЗӘУРЕШ ИМАНҒОЖИНА, МИРАС ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір мың жарымдай үй бар жер, Қаржауов көшесіне кіп-кішкене ғана салынған дренаж ешқандай ықшамауданынң проблемасын шешпейді. Сондықтан біздің халықтың тілегі, сұранысы, жанайқайы біздің канализация салу, дренаж жүйесін орнату. Былтырғы қаңтар мен биылғы қаңтарға дейін бір жыл өтті. Халықтың айқайы, талабы, сұрап жатқан сұрауы да ешқандай жауап та жоқ, ешқандай нәтиже де жоқ. Канализацияның елдің жарты бөлігіне жасалған жоқ қалды.
Расында да кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаты ауылдың жартысына ғана жасалған. Қалған бөлігінің құжаттамасы әлі дайын емес екен. Мұны қала әкімінің орынбасары растады. Айтуынша, дайын бөлігінің жұмысын бастауға қаржы да бөлінбеген.
МИРЖАН МҰҚАСОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Наурыз айларында болады, сол нақтыланған бюджетке саламыз. Ол бюджет бойынша тиісінше барлық қаражат болмаса да жұмыс басталуы деген болады, келісім-шарт бастала беру үшін ашық конкурс жариялана беру үшін сол жұмыстар бастау үшін қаражатты бірінші жартыжылдықта бірінші бөлік бойынша, ал екінші бөлік бойынша екінші жарты жылдық бойынша жоспарлар бар.
Кәріз жүйесі дайын болғанша, жерасты суы көтерілмеуі үшін тағы ине сорғысын орнатуды сұрайды бұқара. Кездесуге келген атқамінер бұл бойынша қандай жұмыс жүргізілетінінен хабарсыз боп шықты. Жауаптылар бір-біріне сілтеп жүргенде тұрғындар үйінді астында қалмасақ болды,- дейді уайымға батқан мирастықтар.