$502.89 €527.03 ₽5.71
×

Кез келген адамға енді несие берілмейді

29.01.2025ж. 20:00
156
Кез келген адамға енді несие берілмейді

Енді кез келген адамға несие берілмейді. Өйткені қарыз алушылардың борышын шектеу туралы норматив енгізілді. Онсыз да кредитке күн көріп жүрген халық бұны естіп, таң қалуда. Жаңа талап не үшін қажет болды? Кімдерге несие рәсімделмейді? Тілшіміз баяндайды. 

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

-Қандай сұрақпен келдіңіз?
-Несие алайын деп едім, 1 млн теңгенің көлемінде.
-Жақсы, жеке куәлігіңізді беріңіз.
-Міне.
-Кешіріңіз Айбек, сізге несие бере алмаймыз.
-Неге?
-Солай, қазір норматив бар, қарызы өткен, кешіктірген адамдарға мүлде несие бермейміз.
-Мүлде ма?
-Мүлде.
-Ой, осыған дейін алып жүруші едік қой бұдан көп мөлшерде. Несиелерімді несиемен жабам ба десем, мәселе болды ғой бұл да.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қаржы реттеушілердің, Үкімет пен Парламенттің ортақ бастамасымен заң қабылданды. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий енгізілді. Тұтынушылық қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленді. Қарыз алушының борышын шектейтін жаңа норматив енгізілді.

Бүгінде халыққа берілетін кредиттер көкке өрлеп барады. Өсім 24,4%, оның ішінде тұтынушылық несие 34,5%-ке артты. Қазақстандықтардың қарызы 24 трлн теңгеге жетті. Бұл -соңғы 3 жылда шамамен 3 есе ұлғайған көрсеткіш. Берешектің 90 пайызы - кепілсіз тұтынушылық және ипотекалық несие.

Кез келген адамға кредит бермеу халықтың шамадан тыс қарызын болдырмау үшін қабылданған. Алайда жұрт бұл шешімге әртүрлі қарайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Кредит бермей қою енді дұрыс емес, бірақ кредиттің пайызын түсіру керек сияқты.
- Оңды-солды конечно бере бермей, енді жағдайына қарай, керек нәрсеге беріп, керек емес нәрсеге не үшін береді например.
- Жетіскеннен алмайды ғой кредиетті кім болса да әйтеуір. Негізі кредит шектеу деген оны мен дұрыс емес деп ойлаймын өзімше...

Экономист Бауыржан Ысқақов несие алуды шектеу мәселені түбегейлі шешпейтінін, керісінше негативті әсер етуі мүмкін екенін айтты.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Азаматтар егер де ол банктерден несие ала алмайтын болса, ол мынау көлеңкелі, яғни заңсыз түрде жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдарға баруы мүмкін. Бұл айналып келген кезде, ол банктерге де кері әсерін тигізеді, қарапайым азаматтарға да. Сол үшін де біз бірінші кезекте осы қарапайым халықты несиеге батушылығын шешу үшін әлеуметтік жағдайын көтеруіміз керек.

Қарызын қарыз алып жауып жүрген жұртқа мүлде несие бермеу мәселені одан әрі күрделендіріп жіберуі әсте мүмкін. Десе де шектен шығып кететіндерге тұсау болары да анық,-дейді сарапшылар.

НЕСИЕ - 24,4%

ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕ - 34,5%

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЫЗЫ - 24 ТРЛН ТГ

90% НЕСИЕ:

-КЕПІЛСІЗ ТҰТЫНУ

-ИПОТЕКА